Путин Зеленскиймен сөйлесуге дайын, бірақ оның легитимдігіне күмән келтірді

Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында Ресей президенті Владимир Путин Украина президенті Владимир Зеленскийді қоса алғанда, кез келген өкілмен диалогқа ашық екенін мәлімдеді.
Алайда ол Украина тарапынан келіссөз жүргізетін адамның кім екенінен гөрі, келісімге қол қоятын тұлғаның легитимдігі маңызды екенін атап өтті.
«Егер украин мемлекеті қандай да бір өкілге келіссөз жүргізуге сенім білдірсе — жарайды, тіпті Зеленскийдің өзі болсын. Бірақ мәселе — кім соңында құжатқа қол қояды. Бұл жерде үгіт емес, заңдық жағы шешуші рөл атқарады», - деді Путин.
Оның айтуынша, Украина Конституциясында президент өкілеттігі бес жылмен шектеледі, ал соғыс жағдайы тек Жоғарғы Раданың мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді. Президенттің өкілеттігін ұзарту туралы ештеңе жазылмаған.
Путин Украина — парламенттік немесе президенттік емес, президенттік-парламенттік басқару үлгісіндегі мемлекет екенін еске салды. Яғни, биліктің барлық тармағын президент қалыптастырады. Осыған байланысты ол президенттің легитимдігіне күмән туындаса, бүкіл билік жүйесінің заңдылығы да сұрақ астында қалады деді.
Ресей басшысы Мәскеу үшін Украина тарапынан кім келіссөз жүргізетіні маңызды емес екенін айтты. Тіпті, бұл «қазіргі режимнің басшысы» болса да. Оның пікірінше, кездесуді талқылаудың соңғы кезеңінде өткізіп, барлық сұраққа нүкте қоюға болады, бірақ құжатқа тек заңды түрде сайланған билік өкілі қол қоюы керек. Әйтпесе, «келесі басшы келіп, барлығын қоқысқа лақтырып жіберуі мүмкін».
Айта кетейік, Путин бұған дейін бірнеше рет Зеленскийдің легитимдігіне күмән келтірген. Ал Зеленский өз кезегінде соғыс жағдайында президент сайлауын өткізу мүмкін емес екенін айтқан болатын. Оның айтуынша, бұл үшін Конституция мен заңдарға өзгеріс енгізу қажет, ал қазіргі жағдайда оны жүзеге асыру өте қиын.
Путиннің айтуынша, ең басты мәселе – ықтимал келісімдерге кімнің қол қоюға құқылы болатынында. Сонымен қатар ол Трамптың пікіріне қосылды: егер қақтығыс басталған кезде АҚШ президенті Трамп болғанда, «арнайы операция» мүлде болмас еді.
Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында журналистермен кездесу барысында Путин Украинадағы жағдайға қатысты бірқатар мәлімдеме жасады:
- Қазіргі міндет – тек Украинадағы қақтығысты реттеу ғана емес, сонымен қатар ұзақ мерзімді, тұрақты шешім табу;
- Донецк және Луганск халық республикаларының Украина құрамынан шығуға толық құқығы болған. Ал «Косово прецедентінен» кейін олардың бұл үшін Киевтен рұқсат сұрауы міндетті емес;
- Путин Трамп президент болған жағдайда Украинада соғыс болмас еді деген пікірмен келісетінін айтты;
- Зеленскиймен кездесу тек келіссөздердің қорытынды кезеңінде, нақты шешімдерге нүкте қою үшін ғана мүмкін;
- Егер Украина президентінің легитимдігі күмән тудырса, онда бүкіл билік жүйесінің заңдылығы да сұрақ астына түседі;
- Киевтегі жағдай одан әрі қиындай түсуі мүмкін екенін ескертті;
- Ресей Украина тарапына 6 мыңнан астам әскери қызметкердің мәйітін қайтарған, тағы 3 мыңнан астам сарбаздың денесін беруге дайын екенін мәлімдеді;
- Мәскеу Украинадағы қақтығысты мүмкіндігінше жылдам әрі бейбіт жолмен аяқтауға мүдделі екенін жеткізді;
- Путиннің айтуынша, Украина мен Ресей арасындағы жаңа келіссөздер 22 маусымнан кейін өтуі ықтимал.
Еске сала кетейік, 15 мамырда Путин Украинаға тікелей келіссөз жүргізуді ұсынған еді. Алайда өзі Стамбулда өтетін кездесуге бармайтынын, делегация жіберетінін мәлімдеген. Бұдан кейін Зеленский де Ресей басшысы қатыспайтын келіссөздерге барудан бас тартты.