Жетісу облысында Үшарал-Достық тасжолында бес көлік соғысты
Жетісу облысында бес соғысып қалды.
Апат Үшарал -Достық автожолында, ауа райының нашарлауына байланысты қозғалыс уақытша шектелген учаскеде болған.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, аталған жол бөлігінде қозғалыс 2026 жылғы 13 ақпан сағат 12:00-ден бастап 17 ақпан сағат 09:00-ге дейін жабылған.
— Үшарал-Достық автожолында болған жол-көлік оқиғасына байланысты полиция қызметкерлері сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Ауа райының қолайсыздығына байланысты бұл жол учаскесінде қозғалысқа уақытша шектеу енгізілген, — деп хабарлады полиция.
Алайда белгіленген тыйымға қарамастан, бес жүргізуші қауіпсіздік талаптарын елемей, жабық жол бөлігіне шыққан. Соның салдарынан көліктер соғысқан.
Апат нәтижесінде алты адам медициналық мекемеге жеткізілді. Олардың алған жарақаттарының ауырлығы нақтыланып жатыр.
Полиция өкілдері ресми түрде жабылған автожолға шығу әкімшілік жауапкершілікке әкелетінін еске салды.
— Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 667-бабына сәйкес, ресми түрде жабылған жолға шығу жауапкершілікке әкеп соғады, — деп атап өтті ведомство.
Құқық қорғау органдары жүргізушілерді енгізілген шектеулерді қатаң сақтауға және өз өмірі мен өзге жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қатерге тікпеуге шақырды.
Бұған дейін Ақмола облысындағы тасжолда болған жол апатында жүргізушінің көлік ішінде қысылып қалғаны хабарланған еді.