Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:31

Шодиеваның қызы Евразиялық банкке байланысты Ибрагимовпен соттасып жатыр

Шодиева
Фото: БАҚ

Қазақстанда «Еуразиялық қаржы компаниясы» (ЕҚК) айналасындағы жанжал шиеленісе түсті. 

Бұл компания құрамына «Еуразиялық банк» пен «Еуразия» сақтандыру компаниясы кіреді. Соңғы жаңалық – Патох Шодиевтің қызы Муниса да сотқа жүгінді.

2025 жылғы шілденің соңында ЕҚК директорлар кеңесінің мүшелері – Шухрат Ибрагимов пен Андрей Коповқа қарсы қарсы талап арыз түсірді. Бұл туралы ақпарат «Сот кабинеті» порталында жарияланған істер материалдарында көрсетілген. Бұған дейін Ибрагимов 2 маусымда өткен директорлар кеңесінің шешімдерін заңды деп тану және компанияны бұл шешімдерді орындауға міндеттеу туралы талаппен сотқа жүгінген. Алайда кеңесте нақты қандай шешімдер қабылданғаны ашық дереккөздерде көрсетілмеген.

Ал енді ЕҚК, керісінше, Ибрагимов пен Коповтың әрекеттерін заңсыз деп тану және директорлар кеңесінің сол шешімдерін жарамсыз ету жөнінде қарсы талап қойып отыр.

Енді осы дауға Патох Шодиевтің қызы Муниса Шодиева да қосылды. Ол да шілденің соңында ЕҚК, Ибрагимов және Коповқа қарсы талап арыз түсіріп, директорлар кеңесінің әрекеттерін заңсыз деп тануды сұраған. Сот бұл үш істі біріктіріп, бір іс ретінде қарайтын болды.

Даудың нақты неден шыққаны белгісіз. Сот материалдарында да, компанияның ресми мәлімдемелерінде де нақты мәлімет жоқ. ЕҚК соңғы рет корпоративтік ақпаратты биыл сәуір айында жариялаған.

Айта кетейік, Шодиев пен Ибрагимов арасындағы келіспеушілік биылғы жылдың басынан бері жалғасып келеді. Шодиев пен марқұм Машкевич ЕҚК-ні сатуды жоспарлаған, ал Ибрагимов бұл мәмілеге қарсы болған. Ол сот арқылы бірнеше акционерлер жиналысын тоқтатып тастаған. Дәл осы жиындарда компанияның болашағы шешілуі тиіс болатын.

eGov.kz сайтындағы ақпаратқа сәйкес, «Еуразиялық қаржы компаниясы» марқұм Әліжан Ибрагимовтің жары Мукадасхан ханымға, Патох Шодиевке және 2025 жылғы 22 наурызда қайтыс болған Александр Машкевичке тиесілі.

Акционерлер арасындағы жанжал шиеленісе түсті – Патох Шодиев директорлар кеңесінің шешімдерін жоюды талап етіп, акционерлердің кезектен тыс жиналысын бастамақ болды.

Ашық дереккөздерге сүйенсек, «Еуразиялық қаржы компаниясы» актив көлемі бойынша Қазақстан банктері арасында алтыншы орында. 2025 жылдың басында оның активтері шамамен 2,7–3,1 трлн теңге көлемінде болған.

Тегтер: