Путин: «Мұрагер туралы үнемі ойлаймын, бірақ соңғы шешімді халық қабылдайды»

Ресей президенті Владимир Путин елдің болашақ басшылығы туралы мәселе көтеріп, өзінен кейінгі мұрагер жайлы жиі ойлайтынын мәлімдеді.
Алайда түпкілікті шешімді тек халықтың өзі қабылдайтынын баса айтты.
«Артында халықтың сенімі жоқ адам шынайы нәтижеге жете алмайды. Бұл – түбегейлі, өте маңызды мәселе. Сол себепті мен бұл туралы (мұрагер туралы – ред.) ойланған сайын, міндетті түрде азаматтардың сеніміне ие бола алатын адам, тіпті бірнеше адам пайда болуы тиіс деп ойлаймын», – деді ол «Россия. Кремль. Путин. 25 лет» атты деректі бағдарлама барысында.
Оның айтуынша, Ресейде билікке келу механизмі тек жеке шешімдерге емес, халықтың еркіне негізделуі тиіс. «Президент – халық сенім білдірген адам болуы керек. Ондай сенімсіз ешқандай реформа да, даму да болмайды», – деді Путин.
Сарапшылар бұл мәлімдемені Кремльдің саяси болашағына бағытталған алғашқы ашық қадамдардың бірі деп бағалап отыр. Ресейдегі билік транзиті туралы әңгіме соңғы жылдары жиілеп, қоғам мен элита арасында әртүрлі болжамдар айтылуда.
Путиннің айтуынша, мұрагерлік тек формалды шешім емес, елдің тағдырына тікелей әсер ететін тарихи таңдау. Ол болашақта бірнеше ықтимал кандидаттың пайда болуына үміттенетінін айтты.
Еске салайық, Владимир Путин Ресей Федерациясын 2000 жылдан бері басқарып келеді. Ол төрт рет президенттік сайлауда жеңіске жетті, ал 2020 жылы Конституцияға енгізілген өзгерістер оған билікте 2036 жылға дейін қалуға мүмкіндік беріп отыр.
Осыған байланысты саяси бақылаушылар Ресейдің қазіргі басшысы болашақта билік транзитін қалай жүзеге асыратынына назар аударып келеді. Путиннің бұл жолғы мәлімдемесі қоғам мен элита арасында бұл тақырыпқа деген қызығушылықты одан әрі арттырды.