Украина премьер-министрі Денис Шмыгаль отставка туралы өтініш жазды

Украина премьер-министрі Денис Шмыгаль Жоғарғы Радаға қызметінен босату туралы ресми өтініш тапсырды.
Ол қол қойған өтініштің суретін өзінің Telegram-арнасында жариялады. Құжатта:
«Украина премьер-министрі лауазымынан босатуыңызды сұраймын» - деп жазылған. Өтініш 2025 жылғы 15 шілдемен белгіленген.

Шмыгаль бұл жазбасында президент Владимир Зеленскийге білдірген сенімі үшін алғыс айтып, елдің әскери қызметкерлеріне және үкіметтегі әріптестеріне мемлекеттің игілігі жолында аянбай еңбек еткені үшін ризашылығын білдірді.
Бұған дейін, 14 шілдеде, президент Зеленский Денис Шмыгальдің Украина қорғаныс министрі қызметін атқаратынын мәлімдеген еді. Ал оның орнына қазіргі бірінші вице-премьер Юлия Свириденко премьер-министр қызметіне ұсынылды.
«Денис Шмыгальдің мол тәжірибесі елдің қорғаныс министрі қызметінде өте пайдалы болады. Себебі дәл осы салада қазір мемлекет ресурстарының басым бөлігі шоғырланған, міндет те, жауапкершілік те үлкен», - деді Зеленский.
Украина заңнамасына сәйкес, қорғаныс министрі мен премьер-министр кандидатурасын Жоғарғы Рада президенттің ұсынысы бойынша мақұлдайды. Қазіргі қорғаныс министрі Рустем Умеров. «РБК Украина» және «Суспiльне» ақпарат көздерінің хабарлауынша, Умеров отставкадан кейін АҚШ-тағы Украина елшісі қызметіне тағайындалуы мүмкін.
Шмыгальдің өмірбаянында Қазақстанға қатысты қызық жайт кездеседі. 2020 жылы, COVID-19 пандемиясының қызған шағында, Украина премьеріне қазақстандық әріптесі – сол кездегі премьер Асқар Маминнен ресми кешірім сұрауға тура келген. Себебі Украина инфрақұрылым министрі Владислав Криклий Маминмен кездесу үшін Алматыға келгенде, жарамдылық мерзімі өтіп кеткен COVID тестін ұсынған. Бұл дипломатиялық дауға ұласқан, сол кезде Асқар Мамин украиналық әріптесінің кешірімін қабылдаудан бас тартқан болатын.
Денис Шмыгаль 1975 жылы 15 қазанда Львов қаласында дүниеге келген. Львов политехникалық университетінде «өндірістік басқару (машина жасау саласы)» мамандығы бойынша білім алған, инженер-экономист біліктілігін иеленген. 2003 жылы «Нарықтық экономика жағдайындағы өңірлік өндірістік инфрақұрылымды дамыту» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған. Шетелде тәжірибеден өткен, украин, орыс, ағылшын және поляк тілдерін меңгерген.
Мемлекеттік қызметке 2009 жылы келген. 2019 жылы тамызда Ивано-Франков облысының әкімдігіне басшы болып тағайындалды. 2020 жылғы ақпанда қауымдастықтар мен аумақтарды дамыту министрі – вице-премьер атанды. Ал бір айдан кейін Алексей Гончаруктің орнына Украина премьер-министрі болып бекітілді.