Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:15

Сербия Украинаға көмектеспек: Вучич Одессадағы саммитте мәлімдеме жасады

Сербия
Фото: zhasalash.kz

Александр Вучич елді қалпына келтіруге көмектесуге дайын екенін айтты.

Сербия президенті Александр Вучич Украинаға алғаш рет ресми сапармен барды. Бұл - оның 2022 жылы басталған соғыс кезіндегі алғашқы сапары. Ол Одессада өтіп жатқан “Украина – Оңтүстік-Шығыс Еуропа” саммитіне қатысу үшін келді.

Өзінің кіріспе сөзінде Вучич Сербияның Украинаның аумақтық тұтастығын қолдайтынын нақты айтты. Оның айтуынша, Белград Украина халқына нақты әрі көзге көрінетін қолдау көрсетуге дайын.

«Сербия бір немесе екі украин қаласын немесе аймағын қалпына келтіруге көмектесуге дайын. Бұл украин халқы үшін үлкен көмек болар еді», - деді Вучич.

Алайда соғыстың қалай аяқталатыны жөнінде Сербия басшысы нақты жауап бере алмайтынын айтты.

«Бұл сұраққа мен емес, Владимир мырза немесе басқа біреу жауап бере алады. Соғысты қалай тоқтату керек – бұл 100 миллиард доллар немесе еуро тұратын сұрақ. Мен бұл мәселе бойынша нақты ұсыныс немесе болжам айта алмаймын», - деді Вучич Украина президенті Владимир Зеленскиймен өткен бірлескен брифингте.

Саммитке сондай-ақ Хорватия премьер-министрі Андрей Пленкович, Румыния президенті Никушор Дан және Молдова президенті Майя Санду да қатысты.

Вучичтің Украинаға сапарын Белградтың сыртқы саясатына өзгеріс енгенінің белгісі ретінде бағалай аламыз. Бұған дейін Сербия Мәскеуге бейтарап көзқарас ұстанып келген. Алайда бұл сапар Сербияның еуропалық серіктестерімен байланысын нығайтуға ұмтылысының белгісі болуы мүмкін. Сонымен қатар Одессада өткен саммит аймақтық ынтымақтастықты күшейтіп, Украинаға қолдау көрсетуді үйлестіру мақсатында ұйымдастырылған.

Еуропалық Одақ елдері мен аймақтық серіктестер соғыс салдарынан зардап шеккен Украинаны қалпына келтіруде бірлескен жобалар мен нақты әрекеттерге көше бастағанын мәлімдеді.