Малайзия ұшағының апатына Ресей кінәлі деп танылды

БҰҰ-ның Азаматтық авиация жөніндегі кеңесі (ИКАО) Малайзияның жолаушылар ұшағы апатына Ресейдің жауапты екенін айтты.
2014 жылы болған бұл апатта 298 адам қаза тапқан.
Сөз Malaysian Airlines әуе компаниясының MH17 рейсі туралы болып отыр. 2014 жылғы 17 шілдеде Амстердамнан Куала-Лумпурге бағыт алған ұшақ Донбасс аспанында атып түсірілген. Ол кезде бұл аймақта ресейшіл күштер мен Украина әскері арасында қақтығыстар жүріп жатқан.
Нидерланды мен Австралия үкіметтері ИКАО кеңесінің шешіміне сілтеме жасап, бірлескен мәлімдеме жасады. Ұшақ бортында 196 нидерландтық және 38 австралиялық азамат немесе резидент болған.
Аталған елдердің үкіметтері бұл шешім өтемақы мәселесін талқылауға жол ашатынын айтты. Нидерланды мен Австралия 2022 жылы Ресейді жауапқа тарту үшін ИКАО-ға шағым түсірген. Енді олар келтірілген шығынды өтеу бойынша келіссөздерге бастамақ.
Нидерландының сыртқы істер министрі Каспар Вельдкамп бұл шешімді әділет жолындағы маңызды қадам деп атап, халықаралық құқық бұзушылық жазасыз қалмауы тиіс екенін айтты. Австралия сыртқы істер министрі Пенни Вонг та осындай мәлімдеме жасап, ИКАО-ны өтемақы тетігін тезірек анықтауға шақырды.
Reuters-тің жазуынша, ИКАО-ның реттеушілік құзыреті болмаса да, оның шешімдері моральдық салмағы бар, өйткені бұл ұйым 193 ел мойындайтын жаһандық авиациялық стандарттарды бекітеді.
Айта кетейік, 2024 жылы Ақтау маңында тағы бір әуе апаты болған. Azerbaijan Airlines ұшағы Бакуден Грозныйға бет алған. Ұшақ бортында 67 адам болған, оның 38-і қаза тапқан. Қазір бұл оқиға бойынша тергеу жалғасып жатыр.