Арменияның экс-президентіне 6 млн долларлық пара және бизнеске араласу айыбы тағылды

Арменияның бұрынғы президенті Серж Саргсянға аса ірі көлемде пара алу және кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу бойынша қозғалған қылмыстық іс Антикоррупциялық сотқа жіберілді.
Бұл туралы елдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитеті мәлімдеді.
Тергеу барысында анықталғандай, Серж Саргсян 2000–2018 жылдар аралығында Арменияда қорғаныс министрі, премьер-министр және президент қызметтерін атқарған. Осы лауазымдарды иелене отырып, ол заңмен тыйым салынғанына қарамастан, өз қызметтік өкілеттігін пайдаланып, кәсіпкерлік қызметке қатысқан. Ол өзіне сенімді тұлғалар арқылы компаниялар құруға ықпал етіп, коммерциялық құрылымдарды басқаруға араласқан. Атап айтқанда, Саргсян Арменияда шетелдік инвестициялар есебінен битум зауытын салу жобасына өзіне жақын танысы М.Б.-ны және оған бағынышты компанияларды тартып, жобаны жеке мүддесі үшін пайдаланған.
2006 жылы Кипрде тіркелген екі ресейлік компаниямен бірге М.Б. жаңа кәсіпорын құрған. Оның 50%-ы Саргсянның танысының компаниясына, қалған 50%-ы ресейлік фирмаларға тиесілі болған. Алайда кейін Саргсян өз танысынан бұл компанияның 22,5% үлесін екінші президенттің ұлы мен өзінің жиені құрған компанияға пара ретінде беруді талап еткен. 2008 жылы бұл үлес ресми түрде сатылған болып көрсетілген.
2013 жылы жоба сәтсіз аяқталған соң, Саргсян ресейлік инвесторлардың қаражатын қайтару үшін 14 млн доллар көлемінде несие алып, оны өтеуді М.Б.-ға тапсырады. Кейін ол активтерді күйеу баласына тиесілі бизнес құрылымдарға беру үшін қайта ұйымдастырады.
2015 жылы Саргсянның күйеу баласына қатысы бар компания жаңадан құрылған кәсіпорынды 40 млн долларға сатып алып, Арменияда бензин импортында монополияға ие болған. Кейін М.Б. тағы да Саргсянның талабымен, бұған дейін пара ретінде берілген 22,5% үлес үшін 6 млн долларды Арменияның екінші президентінің ұлына жалған қарыз келісімі арқылы аударған.
Жаңа сайлауда ол басқарып келген Республикалық партия парламентке өтпей қалып, Никол Пашинян жетекшілік ететін оппозиция жеңіске жетті. Пашинян премьерлікке келген соң Саргсянның серіктестері мен туыстарына қылмыстық іс қозғалды. Арменияның экс-президентінің жақын туыстарының үстінен де тергеу жүріп жатыр.
Қазіргі таңда Серж Саргсянға аса ірі көлемде пара алу және кәсіпкерлікке заңсыз араласу айыптары тағылып отыр. Алдын ала тергеу аяқталып, іс айыптау қорытындысымен Арменияның Антикоррупциялық сотына жолданды.
Ескерту: Қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдікке ілінген немесе айып тағылған адам кінәсі дәлелденгенге дейін кінәсіз деп есептеледі.