Қазақстан мен Ресей АЭС салу бойынша индикативтік жол картасын бекітті

Қазақстан мен Ресей атом электр станциясын (АЭС) салу жөніндегі индикативтік жол картасын жасады.
Бұл туралы 20 маусым күні Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумының аясында өткен кездесу барысында белгілі болды.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Атом энергетикасы агенттігінің басшысы Алмасадам Сәтқалиев пен Ресейдің «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Алексей Лихачев АЭС салу жобасын іске асыру мәселелері бойынша келіссөз жүргізді. Кездесу барысында жобаны әзірлеу және іске асыру кезеңдерін қамтитын жол картасы мақұлданды. Оған инженерлік-іздестіру жұмыстарын жүргізу, EPC-келісімшарт жасау және жобалық құжаттаманы әзірлеу кіреді.
Сонымен қатар «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС (КАЭС) мен «Атомстройэкспорт» АҚ (Росатомның инжинирингтік компаниясы) арасында негіздемелік келісім жасалды. Бұл құжат Алматы облысы Жамбыл ауданында салынатын АЭС жобасын жүзеге асыру бойынша екі жақты ынтымақтастықтың негізгі қағидаттарын айқындайды.
Қазақстан тарапы бұл жобаның елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және экономиканы декарбонизациялау жолындағы стратегиялық мақсаттарға жетуге бағытталғанын мәлімдеді.
«Бұл стратегиялық жоба – атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастықтың бір бөлігі. Жоба Қазақстанның энергетикалық суверенитетін күшейтеді», - деп атап өтті тараптар.
«Росатом» басшысы Алексей Лихачев Қазақстанды атом энергетикасы саласындағы сенімді әрі тарихи серіктес деп атап өтті.
«Бізге сенім артылып, Қазақстандағы халықаралық консорциумды басқару мүмкіндігі берілгеніне ризамыз. Ресейлік ядролық технологиялар сенімділігімен, қауіпсіздігімен және тиімділігімен әлемге танылған. Олар Қазақстан халқының игілігіне қызмет етеді», - деді Лихачев.
Ал Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, бұл жоба — Қазақстан энергетикасының орнықты дамуын қамтамасыз ететін кешенді стратегияның маңызды бөлігі.
«Біз қауіпсіздік пен өндірісті жергіліктендірудің жоғары деңгейін қамтамасыз ету үшін ашық әрі тығыз серіктестікке сенеміз», - деді ол.
Еске сала кетейік, 14 маусымда Қазақстанда алғашқы АЭС-ті ресейлік «Росатом» компаниясы салатыны белгілі болды. Ал екінші станцияны салу үшін қытайлық компанияның ұсынысы қарастырылып жатыр. Қазақстандық агенттіктің мәліметінше, Ресейге қарсы санкциялар бұл жобаның іске асуына әсер етпейді. Алғашқы АЭС-тің құрылысы 10–12 жылда аяқталады деп жоспарланып отыр.