Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:20

Қазақстанда бет жабатын киімге тыйым салынады, дипломаттар дактилоскопиядан босатылады

Никаб
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда қоғамдық орындарда бетті тануға кедергі келтіретін киімді киюге тыйым салу, жергілікті полиция қызметін тарату, сондай-ақ шетелдіктердің кейбір санатын дактилоскопиялық тіркеуден босату қарастырылып отыр. 

Бұл нормалар «Құқық қорғау қызметін, тұрғын үймен қамтамасыз ету және арнаулы мемлекеттік органдар, азаматтық қорғау органдары мен әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалуы мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіру, сондай-ақ ішкі істер органдарының қызметі саласындағы артық заңнамалық реттеуді жою туралы» заң жобасында көзделген.

Аталған заң жобасын бейсенбі күні Сенат қарап, техникалық түзетулермен Мәжіліске қайтарды.

Сенатор Наурызбай Байқадамовтың айтуынша, «Құқықбұзушылықтардың алдын алу туралы» заңына қоғамдық орындарда медициналық, ауа райына байланысты немесе қызметтік қажеттіліктен бөлек, бетті тануға кедергі келтіретін киім киюге тыйым салу туралы норма енгізіледі.

– Бұл шара қоғамдық орындарда жасалатын құқықбұзушылықтардың алдын алу тиімділігін арттырады. Адамдардың бет-әлпетін тану мүмкіндігін жақсартады, - деді Байқадамов.

Жергілікті полиция қызметінің орнына қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтардың алдын алу басқармалары құрылады. Сонымен қатар қос азаматтықты азайту және азаматтықтан шығу рәсімін жеңілдету үшін ІІМ-ге қосымша өкілеттіктер беріледі.

Заң жобасына сәйкес, дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы заңнамаға өзгерістер енгізіліп, бұл процедура ерікті негізде жүргізіледі. Сонымен бірге, жеке тұлғаны саусақ іздері арқылы сәйкестендіру ұғымы заң жүзінде анықталады.

– Геномдық және дактилоскопиялық ақпараттық базаларды қорғау механизмдері, сондай-ақ тіркеуден босатылатын тұлғалар тізімі айқындалады, - деді сенатор.

10-1-бап арқылы дактилоскопиялық тіркеуден босатылатын тұлғалар анықталған. Олардың қатарына мыналар кіреді:

  • 12 жасқа дейінгі балалар;
  • Шет мемлекеттердің басшылары, үкіметтері мен халықаралық ұйым өкілдері және олардың отбасы мүшелері;
  • Шет ел парламенттері мен үкімет мүшелері, дипломатиялық мәртебесі бар халықаралық ұйымдардың өкілдері және олардың отбасы мүшелері (егер олар дипломатиялық паспорт иелері болса);
  • Шет елдік ресми делегация мүшелері мен олармен бірге жүретін тұлғалар (егер дипломатиялық паспорттары болса);
  • Құрметті консулдар, дипломатиялық курьерлер, халықаралық ұйымдардың дипломатиялық мәртебесі бар қызметкерлері;
  • ҚР Президенті әкімшілігі, Парламент, Жоғарғы сот, Үкімет аппараты, арнайы мемлекеттік органдар, Қорғаныс министрлігі немесе Сыртқы істер министрлігінің шақыруымен келген шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар.

Сондай-ақ заң жобасында Қазақстанда өнеркәсіптік мақсатта қарасораны (конопляны) өсіруге және пайдалануға рұқсат беру қарастырылған.

Жалпы, заң жобасы құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың, азаматтық қорғау органдары мен әскери қызметшілердің тұрғын үймен қамтамасыз етілуі және әлеуметтік қорғалуы мәселелерін де реттейді.

Тегтер: