Қауіп төніп тұр: ДДСҰ чикунгунья вирусының өршігенін ескертті

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) масалар арқылы таралатын чикунгунья вирусының жаңа эпидемиялық қауіпіне назар аударуға шақырды.
Ұйым өкілі Диана Рохас Альварестің айтуынша, 2025 жылдың басында басталған жаңа індет толқыны Үнді мұхиты аймағындағы Реюньон, Майотта және Маврикий аралдарынан басталып, Еуропа мен басқа құрлықтарға да тарай бастаған.
Қазір Мадагаскар, Сомали, Кения елдерінде вирус белсенді тарап жатыр, ал Оңтүстік-Шығыс Азияда, соның ішінде Үндістанда, эпидемия белгілері байқалуда. Аурудың Еуропаға жетіп, жергілікті жұқтыру жағдайларының тіркелуі халықаралық дәрежеде алаңдаушылық туғызып отыр.
«1 мамырдан бері Францияда чикунгунья вирусын жұқтырудың 800-ге жуық әкелінген жағдайы тіркелді. Сонымен қатар елдің оңтүстігінде саяхатсыз, яғни вирус таралған аймақтарға бармаған адамдар арасында жергілікті жұқтырудың 12 жағдайы анықталды. Өткен аптада бір жағдай Италияда да тіркелді», - деді ДДСҰ сарапшысы.
Мамандардың есебінше, 119 елде тұратын 5,6 миллиардқа жуық адам осы вирус жұқтыру қаупі бар аймақта өмір сүріп жатыр. Чикунгунья жоғары қызу, буындардың қатты ауруы және ұзақ мерзімді асқынулармен сипатталады. Қазірге дейін оған қарсы нақты емі жоқ.
Ауру Aedes тұқымдасына жататын масалар, соның ішінде «жолбарыс масасы» арқылы таралады. Бұл түр денге мен зика вирустарын да тасымалдайды. Масалар күндіз шағатындықтан, ДДСҰ репелленттер қолдану мен ұзын жеңді киім кию сияқты қорғану шараларын қолдануға шақырып отыр.
Мұндай індет бұған дейін 2004–2005 жылдары тіркелген болатын. Ол кезде жарты миллионға жуық адам, негізінен аралдық аумақтарда ауырған.
ДДСҰ әлем елдерін қауіптің алдын алуға, ауру белгілерін ерте анықтауға және халықты ақпараттандыруға үндеп отыр.