Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Ресей мен Украина арасындағы Стамбулдағы келіссөздер 16 мамырда өтеді — ТАСС

Путин Зеленский
Фото: ашық дереккөз

Бүгін күллі әлемнің назары — Киев пен Мәскеу арасындағы Стамбулда өтетін келіссөздерге ауып отыр. 

Бұл кездесуді 15 мамырда өткізуді Ресей президенті Владимир Путин ұсынған еді. Көрсетілген күні ресейлік делегация Стамбулға келіп жетті. Ал Украина делегациясы 15 мамырдың кешінде Долмабахче сарайына келмек.

ТАСС агенттігінің хабарлауынша, келіссөздердің негізгі кезеңі 16 мамырға жоспарланған. Кеше Түркия сыртқы істер министрі Хакан Фидан Долмабахче президенттік кеңсесінде Ресей делегациясы мен Владимир Мединскиймен жеке кездесу өткізді.

Украина президенті Владимир Зеленский Түркияға Ресей президенті Владимир Путиннің өзі келуі тиіс екенін бірнеше рет айтқан. Алайда Путин Стамбулға келмей, келіссөздерге өзінің көмекшісі Владимир Мединскийді жіберді. Делегация құрамында сондай-ақ Ресей әскери барлау қызметінің өкілдері — генералдар Игорь Костюков пен Александр Зорин бар.

Зеленский Ресей делегациясының деңгейін «бутафория» деп атады. Ал Украина атынан келіссөздерге елдің қорғаныс министрі Рустем Умеров, сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Кислица, СБУ басшысының орынбасары Александр Погляд және өзге де арнайы қызмет өкілдері мен әскери шенділер қатысуда.

Сондай-ақ, Украина басшысы Қырымнан бас тарту арқылы бейбітшілікке жетуге болмайтынын кесіп айтты: «Біз уақытша оккупацияланған аумақтарды Ресейдің жері деп ешқашан мойындамаймыз», - деді ол.

Зеленский халықаралық қауымдастықты Ресейге қысымды күшейтуге шақырды:

«Қысым тек бір жаққа ғана бағытталмауы тиіс. Сондықтан біз Еуропа, АҚШ және басқа елдер тарапынан Ресейге қарсы санкциялық қысымның жалғасқанын қалаймыз».

Кейінірек Ресей делегациясының басшысы Владимир Мединский де мәлімдеме жасап, келіссөздер 2022 жылы үзіліп қалған Стамбул процесінің жалғасы екенін айтты.

«Біздің ресми делегациямыз президенттің жарлығымен бекітілген және барлық қажетті өкілеттіктерге ие. Біз келіссөздерге конструктивті көзқараспен келдік. Мақсатымыз — ұзақ мерзімді бейбітшілік орнату және қақтығыстың негізгі себептерін жою», - деді Мединский.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, келіссөздерден нақты нәтиже күтуге кедергі болған жайттардың бірі — Дональд Трамптың мәлімдемесі. Ол «Путин екеуміз тікелей кездеспейінше, алға жылжу болмайды» деген.

Сондай-ақ, АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бейсенбі күні Түркияда өткен баспасөз жиынында: «АҚШ келіссөздерден үлкен үміт күтпейді. Соғысты тоқтату жолындағы нақты ілгерілеудің жалғыз жолы — Трамп пен Путин арасындағы тікелей келіссөз», - деп мәлімдеді.