Алматыдағы хостелде 13 адамның қаза болуына қатысты сот үкімі шықты

Тоғыз айға созылған сот процесі аяқталды.
Хостел директоры Әділбек Мұхамедьяров ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы 3-бөлігі бойынша (өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға жауапты адамның бұл талаптарды өрескел бұзуы салдарынан екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғуы) кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Өрт дабылдамасын орнатқан компания басшысы Александр Пекельник бастапқыда дәл осы баппен айыпталған. Алайда прокурор айыптауды 306-бап 3-бөлікке (тұтынушылардың өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау салдарынан адам өліміне әкеп соғу) ауыстырды. Сот оны осы бап бойынша кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айырды.
Соттағы дерек бойынша, Пекельник жеке кәсіпкер ретінде ғимараттың иесімен өрт дабыл жүйесін орнату және іске қосу жөнінде келісімшарт жасасқан. Бірақ ол нысанға өзі мүлде бармаған, жұмысты оның атынан танысы О. орындаған. Соның салдарынан жұмыстың сапасы мен қауіпсіздігі мүлде бақылаусыз қалған.
Өрт дабыл жүйесін орнатқан адамдарда электр құрылғыларымен жұмыс істеуге рұқсат та, қажетті біліктілік те болмаған. Жұмыстар жобаға сай келмеген, ал орнатудан кейін дабыл жүйесінің сызбасы рәсімделмеген. Сот Пекельниктің өз міндетіне формалды, жауапсыз қарағанын растайтын бұлтартпас дәлелдердің бар екенін мәлімдеді.
Мұхамедияров болса, өрт қауіпсіздігі нормалары мен заңға қайшы бола тұра, ғимараттың жертөле қабатында 48 орынға арналған 6 ұйықтайтын бөлме жасаған.
«Ол жалғыз эвакуациялық есікті құлыптап қойған, бұл адамдардың тез шығуына кедергі болды. Өртке дейін бес күн бұрын Мұхамедияров жертөле дәлізіне қосымша матрастар орналастырып, өту жолын тарылтқан. Бұл да эвакуацияны қиындатқан», - деді сотта.
Жәбірленушілер соттан айыпталушыларға заңға сай жаза тағайындап, моральдық және материалдық шығынның орнын өндіріп беруді сұрады.
Алайда айыпталушылар кінәларын мойындамады.
Сотта: «Олардың кінәсі тергеу материалдары және өрт қауіпсіздігі талаптарының өрескел бұзылғанын дәлелдеген сараптама қорытындылары арқылы толық дәлелденді», - деп айтылды.
Айта кетейік, жаза тағайындау кезінде сот жазаны жеңілдететін мән-жайларды да ескерді:
- Мұхамедияров 6 жәбірленушіге моральдық шығынның бір бөлігін өз еркімен өтеген,
- Оның бес кәмелетке толмаған баласы бар.
- Пекельниктің де бір кәмелетке толмаған баласы бар екені назарға алынған.
Сот үкіміне сәйкес, айыпталушылар жәбірленушілерге әрқайсысына 7 миллион теңгеден моральдық өтемақы, сондай-ақ материалдық шығынды өтеуге міндеттелді.