Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:00

Макрон Франция құрамында жаңа мемлекет құрылғанын жариялады

Франция
Фото: БАҚ

Франция президенті Эммануэль Макрон республика құрамында жаңа мемлекеттің құрылғанын мәлімдеді. 

Бұл — Францияның теңіз аумағы саналатын Жаңа Каледония, ол ерекше мәртебе алып, Францияның бір бөлігі болып қала береді.

Макрон
Фото: Х

«Он күннен астам келіссөздерден кейін Жаңа Каледонияның сайланған өкілдері мен мемлекет тарихи келісімге қол қойды. Республика құрамындағы Жаңа Каледония мемлекеті — бұл сенімге деген үміт», - деп жазды Макрон X әлеуметтік желісінде.

Les Nouvelles Calédoniennes порталының хабарлауынша, келісім 12 шілде күні Парижде Жаңа Каледония мен Франция үкіметінің өкілдері арасында жасалған. Құжат теңіз аумағының жаңа құрылымдық моделін айқындайды және ол Франция Конституциясына енгізіледі.

Франция премьер-министрі Франсуа Байру бұл келісімді «тарихи» деп атап, Жаңа Каледония Франция құрамында қалатынын, бірақ кеңейтілген автономияға ие болатынын жеткізді.

«Бұл — мемлекеттік құрылымның бірегей үлгісі, ол біздің біртұтас республикамызды нығайтады», - деді ол.

Келісімге сәйкес, Жаңа Каледония азаматтығы енгізіледі, ол француз азаматтығымен ажырамас болады. Сондай-ақ электоратты кеңейту, парламент құрамын өзгерту, салық салу мен халықаралық қатынастар саласындағы бірқатар өкілеттіліктерді беру қарастырылған.

Францияның әділет министрі Жеральд Дарманен Жаңа Каледония «кеңірек өкілеттіктерге, жаңартылған сайлау жүйесіне және халықаралық мойындалу мүмкіндігіне» ие болатынын айтты.

Келіссөздер француз қоныстанушыларының ұрпақтары мен тәуелсіздік алуды көздейтін байырғы канак халқы арасындағы ұзаққа созылған даулы жағдай аясында өтті. Өткен жылы аралда сайлау тізімдеріне өзгерістер енгізілуіне байланысты наразылықтар болған. Бұл өзгерістер тәуелсіздік жақтастарының ұстанымдарын әлсіретуі мүмкін еді.

Құжат теңіз асып жатқан аумақтың институционалдық құрылымына қатысты. Келісімде аумақтың «тұрақты» мәртебесін қамтамасыз ету кепілдігі қарастырылған.

Келісім аясында төмендегі шешімдер жүзеге асырылуы тиіс:

– Франция Конституциясына базалық заң енгізу;

– Франция азаматтығымен ажырамас каледондық азаматтық енгізу;

– Сайлаушылар қатарын кеңейту;

– Ел парламенті мүшелерінің құрамын өзгерту;

– Жаңа Каледонияға салықтық өкілеттіктер мен халықаралық қатынастар саласындағы кейбір құзыреттерді беру.

Жеке атап өтілген маңызды жайт — өзін-өзі анықтау жөніндегі жаңа референдум өткізу бастамасы алынып тасталды. Аймақтық (провинциялық) билік органдарына сайлау келесі жылдың көктемінің соңында немесе жаздың басында өтуі мүмкін. Сондай-ақ Франция аймаққа экономикалық даму мәселесі бойынша қолдау көрсетуге міндеттелді.

Енді бұл келісімді Жаңа Каледонияда өтетін референдумда және Франция парламентінде мақұлдау қажет.

Тегтер: