АҚШ Сирияға салынған санкцияларды алып тастады

Бірақ Башар Асадқа қатысты шектеулер күшінде қалды.
Трамп 2004 жылдан бері күшінде болған Сирияға қарсы санкцияларды алып тастау туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақ үй хабарлады.
«Дональд Трамп Сирияның бейбітшілік пен тұрақтылыққа ұмтылысын қолдау мақсатында осы елге қарсы санкциялар режимін тоқтату жөніндегі тарихи жарлыққа қол қойды», - делінген АҚШ әкімшілігінің хабарламасында.
Жарлыққа сәйкес, бірқатар тауарлар бойынша экспорттық бақылау жеңілдетіліп, Сирияға сыртқы көмек көрсетуге қойылған шектеулер алынып тасталады.
Соның ішінде:
- АҚШ қаржы министрлігі Сириямен байланысты 518 адам мен компанияны санкция тізімінен шығарды;
- Бұл адамдардың активтері бұғаттан шығалырылып, ел экономикасын қайта қалпына келтіруге қатыса алады;
- Сирияға халықаралық сауда мен инвестицияларға жол ашылды.
Сонымен қатар АҚШ Сирия билігін Израильмен қарым-қатынасты қалыпқа келтіруге және елдегі шетелдік террористерге қарсы күресті күшейтуге шақырды.
Трамп Эр-Риядта Сирияның жаңа басшысы Ахмед аш-Шараамен кездесу алдында мамыр айында Сирияға салынған санкцияларды алып тастайтынын айтты. Ақ үй Сирияның жаңа үкіметінің әрекеттерін, соның ішінде «Израильмен қарым-қатынасты қалыпқа келтіру үшін нақты қадамдар жасауды» қадағалайтынын жеткізді.
Алайда Мәскеуге қашып кеткен Сирияның бұрынғы президенті Башар Асадқа, оның отбасы мүшелеріне және биліктен қуылған режимді жақтаушыларға қарсы санкциялар күшінде қала береді. АҚШ бұл адамдарды елдің тыныштығын және адам құқықтарын өрескел бұзған тұлғалар ретінде жауапқа тартуды жалғастырмақ.
АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент:
«Бұл шешім Сирия халқына жаңа мүмкіндік береді. Алайда Асад режимі мен оның жақтастарына жол жоқ. Біз оларды бақылауды тоқтатпаймыз», - деп хабарлаған.
Еске салайық, Башар Асад Сириядан төрт ұшақпен қолма-қол ақша әкеткен. Өз режимі құлаудың аз-ақ алдында тұрған кезде Сирияның бұрынғы президенті Башар Асад бірқатар құпия рейстерді ұйымдастырып, елден қолма-қол ақша, құнды заттар және өзінің экономикалық империясына қатысты құжаттарды алып кеткен.
Reuters агенттігінің мәліметінше, бұл операцияны Асадтың бас экономикалық кеңесшісі Ясар Ибрагим басқарған. Гамбияда тіркелген Embraer Legacy 600 ұшағы 48 сағат ішінде Дамаск пен Абу-Даби арасында төрт рейс жасаған. Ұшулардың бірі Ресейдің Хмеймим әскери базасы арқылы өткен – дәл осы жерден Асад Ресейге қашқан. Ұшақты ұсынған компания Ливандық кәсіпкер Мохамад Вехбемен байланысты болғанымен, ол бұл іске қатысы барын жоққа шығарды.
Айта кетейік, бұған дейін уақытша президент Сирия басшысы 2025 жылғы ең ықпалды 100 адамның қатарына енгені хабарланған еді.