Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:10

Камбоджа Трампты Нобель сыйлығына ұсынды

Трамп
Фото: zhasalash.kz

Камбоджа премьер-министрі Хун Сен Нобель комитетіне ресми хат жолдап, Дональд Трампты осы сыйлыққа ұсынды. 

Хатында ол Трампқа Камбоджа мен Таиланд арасындағы қақтығысты тоқтатуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірген.

Сонымен қатар Хун Сен Дональд Трамптың әлемдегі қақтығыс аймақтарында тұрақтылық орнатуға қосқан еңбегін атап өтті.

«Камбоджа Корольдігінің премьер-министрі ретінде мен үшін АҚШ-тың 45-ші және 47-ші президенті, құрметті Дональд Дж. Трампты әлемдік бейбітшілікті ілгерілетудегі тарихи еңбегі үшін Нобель сыйлығына ұсыну – зор құрмет», - деп жазды Хун Сен.

Камбоджа премьер-министрі атап өткендей, АҚШ президентінің дер кезінде араласуы «мүмкін болатын жойқын қақтығыстың алдын алып, көптеген адамның өмірін сақтап қалуға және екі ел арасындағы бейбітшілікті қалпына келтіруге жол ашты».

Наурыз айында АҚШ Конгресінің республикалық депутаты Даррелл Исса АҚШ президентін Нобель бейбітшілік сыйлығына ұсынды. Бұған дейін, 2024 жылдың қаңтарында, Конгресс Өкілдер палатасының мүшесі Клодия Тенни Трампты БАӘ және Бахрейнмен Израиль арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіру туралы Авраам келісімдерін жасасуға көмектескені үшін марапаттауды ұсынған еді. Осы уақытқа дейін Трамп бұл сыйлыққа үш рет, оның ішінде дәл осы келісімдерді жасасудағы рөлі үшін де ұсынылған.

Сондай-ақ, АҚШ Конгресі Өкілдер палатасының Джорджия штатынан сайланған республикашыл мүшесі Бадди Картер АҚШ президентінің Израиль мен Иран арасындағы бітім орнатудағы тарихи рөлін мойындау белгісі ретінде оны сыйлыққа ұсынған. Номинацияны БҰҰ-дағы Израильдің тұрақты өкілі Дани Данон да қолдады. Ал Нобель комитетіне Трампты бейбітшілік сыйлығына ұсыну туралы хатты Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху да жолдаған.