АҚШ-тың Украинаға қару жеткізуі тоқтап жатыр, Киев тактикасын өзгертуде

АҚШ-тан қосымша қару алуға тырысқан Украина сәтсіздікке ұшырады.
АҚШ президенті бекіткен жеткізілімдердің өзі жуырда тоқтатылды. Осыған байланысты Киев жаңа тактиканы қолға алмақ – ол Вашингтоннан Еуропа елдеріне Украина үшін америкалық қаруды сатып алуға рұқсат беруді сұрамақ. Жаңа тәсіл аясында бірнеше еуропалық үкімет өздерінің қорғаныс бюджеті есебінен америкалық қару сатып алып, оны Украинаға жеткізуді қарастырып отыр. Мұндай шығындар НАТО-ның қорғанысқа жұмсалатын шығындар бойынша міндеттемелері аясында есептелуі мүмкін.
Бұл үшін АҚШ үкіметінің мақұлдауы қажет, ал қазіргі уақытта тараптар осы бастаманың егжей-тегжейін талқылауда. Бірақ Вашингтонның бұл идеяға келісетіні әзірге белгісіз. Politico сонымен қатар Украина тез әрекет етуге мәжбүр екенін атап өтеді, себебі жазғы уақытта Ресей елдің солтүстік-шығысында, атап айтқанда, Сумы облысына қарай ілгерілеп, пайдалы қазбаларға бай маңызды өңірлерді басып алды.
Осы арада АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасының мүшесі, республикашыл Брайан Фицпатрик Ақ үй мен Қорғаныс министрлігінен Пентагон Украинаға қару жеткізуді ішінара тоқтатқаны туралы ақпаратқа байланысты шұғыл брифинг өткізуді сұрады. Фицпатриктің айтуынша, ол тиісті мекемелер АҚШ-тағы қару мен оқ-дәрі қорын зерттеп, Америка Украинаға халықты қорғау және еркіндік үшін күрес жолында қажетті ресурстарды жеткізуге толық ниетті екеніне көз жеткізеді деп үміттенеді.
Бір украиналық шенеунік былай деді:
«Демократиялық әлемде бізге аса қажет кейбір қару түрлері тек АҚШ-та өндіріледі. Сондықтан біз еуропалық серіктестерімізбен бірге оларды сатып алуға дайынбыз».
Алайда Politico-ның жазуынша, бұл жоспарға Вашингтон тарапынан шектеулер кедергі келтіруі мүмкін – себебі АҚШ өз қаруын пайдалануға рұқсат берген кезде қатаң талаптар қояды.
АҚШ Сенатының Қарулы күштер комитетінің басшысы Роджер Уикердің айтуынша, Украина президенті Владимир Зеленский маусым айының соңында НАТО саммиті аясында Дональд Трамппен кездесіп, тікелей қаржыландыруды сұрамаған, керісінше, еуропалық қаражатты қару алуға пайдалануға рұқсат беруді өтінген.
Бұған дейін The Washington Post маусымда Еуропа елдері АҚШ жаңа жеткізілімдерді мақұлдамаған жағдайда балама жоспарларды қарастырып жатқанын жазған. Еуропалық шенеуніктер бұл «ауыр әрі қымбат шайқас болады» деп болжайды.
Bloomberg агенттігі де Еуроодақта АҚШ-тан қару алудың келешегіне қатысты алаңдаушылық бар екенін хабарлады.
Ресей тарапы Украинаға әскери көмекті бұрыннан айыптап келеді. Кремль өкілдері АҚШ пен Батыстың жеткізілімі азайса, бұл «арнайы әскери операцияның» аяқталуына жақындатады деген пікір білдірді.