Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:55

«Украина дрондары Қазақстан арқылы Ресейге ұшпайды» – Лавров

Лавров
Фото: zhasalash.kz

РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Украина дрондарына қатысты Қазақстанның ұстанымын айтты.

Қазақстан аумағы арқылы Ресейге соққы жасау үшін ұшырылған Украина қарулы күштерінің дрондары мәселесі бойынша Ресей мен Қазақстанның тиісті органдары байланыста. Бұл туралы Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің қорытындысы бойынша журналистерге мәлімдеді.

— Біз бұл мәселені көтердік және тиісті әскери құрылымдар мен қауіпсіздік қызметтері аталған тақырып бойынша байланыс жасап жатқанын назарға алдық, - деді министр Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртлеумен кездесудегі келіссөздерге қатысты сұраққа жауап бере отырып.

— Қазақстандық достар өздерінің украиналық тараппен байланысында мұндай әрекеттерге жол бермеу үшін қажетті шаралар қабылдап жатқанын айтты, - деп толықтырды Лавров.

Айта кетейік, бұған дейін 21 маусымда Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова 19 және 20 маусым күндері Украина Қарулы күштеріне тиесілі ондаған ұшқышсыз ұшу аппараттарының (БПЛА) Батыс Қазақстан облысы аумағы арқылы Ресей аумағына қарай бағыт алғаны тіркелгенін мәлімдеген.

Захарованың айтуынша, бұл дрондар Ресейге шабуыл жасау мақсатында пайдаланылған болуы мүмкін. Ол Ресейдің ҰҚШҰ-ға мүше әрі одақтасы саналатын елге қатысты мұндай әрекеттерді қатаң айыптайтынын атап өткен.

Бұған дейін Қазақстан сыртқы істер министрлігі Украина елдің әуе кеңістігін дрон ұшыруға пайдаланып отыр деген болжамды жоққа шығарған. 

Украиналық ұшқышсыз ұшу аппараттары (БПЛА) бірнеше мәрте Ресейдің Орынбор облысы, Башқұртстан және Қазақстанға жақын орналасқан өзге де аймақтарындағы нысандарға шабуыл жасаған. «Отан арсеналы» журналының бас редакторы Виктор Мураховскийдің айтуынша, бұл дрондар Қазақстан аумағынан да ұшырылған болуы мүмкін.

Алайда сарапшының пікірінше, бұл Қазақстан тарапы мұндай әрекеттерге тікелей қатысы бар дегенді білдірмейді. Оның сөзінше, Қазақстанның сирек қоныстанған аймақтары өте кең болғандықтан, мұндай әрекеттер жергілікті биліктің хабарынсыз да жүзеге асуы ықтимал.

Тегтер: