Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 11:20

Ресей Харьковқа соққы берді: екі адам қаза тапты, 54 адам жарақат алды

Ресей
Фото: zhasalash.kz

11 маусымға қараған түні Ресей Қарулы күштері Харьков қаласының екі ауданына — Слободский мен Основянскийге Shahed типіндегі 17 дронмен соққы жасады.

Бұл туралы қала мэрі Игорь Терехов өзінің Telegram парақшасында хабарлады.

Алдын ала мәлімет бойынша, екі адам қаза тауып, 54 адам жарақат алды. Жараланғандардың арасында бес бала бар. Тереховтің айтуынша, бес қабатты тұрғын үйде 15-тен астам пәтер жанып кеткен. Бір мекенжай бойынша үйінділер астында адамдар қалуы мүмкін.

Мэрдің сөзінше, соққыдан көпқабатты және жекеменшік үйлер, балалар алаңдары, кәсіпорындар мен қоғамдық көлік нысандары зардап шеккен. Бірнеше көлік өртеніп кеткен, терезелер сынған, троллейбустар мен байланыс желілері бүлінген, коммуналдық және өндірістік объектілер де жойылған.

Қазір төтенше жағдай қызметтері мен еріктілер зардаптарды жоюға кірісіп, газ, жарық және су беру желілерін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Украинаның Ұлттық полициясы бұған дейін, 7 маусым күні, Ресей әскері Харьковке авиабомба тастағанын хабарлаған болатын. Бұл — бір тәуліктің ішінде қалаға жасалған екінші әуе шабуылы еді.

Мэр Тереховтің мәлімдеуінше, сол күні Харьковке 48 Shahed дроны, екі зымыран және төрт басқарылатын авиабомба жіберілген. Бұл соққылар Ресейдің 2022 жылғы ақпанда басталған толыққанды басып кіруінен бергі ең ауқымды шабуылдардың бірі ретінде бағаланып отыр.