“Иран келісімге келуі керек, әйтпесе одан түк те қалмайды” — Дональд Трамп

Дональд Трамп Израильдің Иранға жасаған шабуылына байланысты Truth әлеуметтік желісінде пікір жазды.
Ол Тегеранмен ядролық келісім жасау үшін “бірнеше мәрте мүмкіндік бергенін”, бірақ Иран бұл мүмкіндіктерді пайдаланбағанын айтты.
“Мен оларға (ирандықтарға – ред.) салдары өздеріне белгілі және ескертілген нәрселерден әлдеқайда ауыр болатынын айттым. Америка Құрама Штаттары – әлемдегі ең озық әрі жойқын қару өндіруші ел. Ал Израильде мұндай қару көп”, – деп жазды Трамп.
Ол сөзін: “Ирандағы кейбір қатігез ұстанымдағы саясаткерлер батыл сөйлегенімен, не боларын білмеді. Енді олардың барлығы өлді. Алда бұдан да жаман болады!” – деп жалғастырды.
Трамп қантөгісті тоқтатуға әлі де уақыт бар екенін айтып, келесі шабуылдар “бұдан да қатал” болатынын ескертті.
“Иран тезірек келісімге келіп, кезінде Иран империясы деп аталған елдің қалдықтарын сақтап қалуы тиіс. Өлім мен қирауды доғару керек. Тым кеш болмай тұрғанда келісімге келіңдер”, - деді ол.
Айта кетейік, 11 сәуірде америкалық Politico басылымы Дональд Трамп Иранмен келіссөздерде 60 күндік мерзім белгілегенін жазды. Егер бұл аралықта нәтиже болмаса, АҚШ Тегеранға қатысты әскери шараларды қарастыруы мүмкін екені айтылған.
Сондай-ақ, Германия канцлері Фридрих Мерц Израильдің Ирандағы ядролық және әскери нысандарға жасаған шабуылын түсіністікпен қабылдап, өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, Иранның ядролық бағдарламасы «ядролық қаруды таратпау туралы шарттың талаптарын бұзып отыр және бүкіл аймаққа, әсіресе Израиль мемлекетіне айтарлықтай қауіп төндіреді».
Сонымен қатар Мерц Таяу Шығыстағы тұрақсыздықтың күшеюіне жол бермеу үшін тараптарды сабыр сақтауға және шиеленісті одан әрі ушықтырудан бас тартуға шақырды.
Бұған дейін Der Spiegel басылымы Израильдің шабуылы туралы Германия үкіметі алдын ала хабардар болғанын жазған еді. Израиль мен Иран арасындағы жағдайдың ушығуына байланысты Германия үкіметі бұл елдердегі өз азаматтарын қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға ниетті. Сондай-ақ, Германия аумағындағы еврей және израильдік мекемелердің қауіпсіздігін күшейту жоспары да жарияланды.
Израильдік Ynet басылымының мәліметінше, елдің Тыл басқармасы бүкіл аумақта қауіпсіз орындарда болу қажеттілігі жойылғанын мәлімдеді. Яғни, Ираннан жіберілген барлық дрондар сәтті түрде жойылған, ел аумағына қауіп төніп тұрған жоқ.
Израильдік ақпарат құралдары мен Reuters агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап хабарлауынша, Моссадтың жерүсті операциясына Иранның әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерінің маңына жоғары дәлдіктегі қаруларды орналастыру, елге жасырын жолмен кіргізілген көліктерге соққы жасау жүйелерін орнату және Тегеран маңынан дрон базасын құру кірген.
Израиль әскери-әуе күштерінің соққысы басталған сәтте-ақ Иран аумағындағы бұл қарулар іске қосылып, ПВО жүйелерін басып-жаншу және ел астанасындағы нысандарға шабуыл жасау мақсатында қолданылған.
Ynet басылымының жазуынша, бұл операция “көпжылдық” жоспарлау арқасында мүмкін болған.