Миллиардер Билл Гейтс бар байлығын Африка елдеріне аудармақ

Microsoft компаниясының негізін қалаушы және әлемдегі ең бай адамдардың бірі саналатын Билл Гейтс өзінің байлығын қайда жұмсайтынын ресми мәлімдеді.
Кәсіпкер Африка елдеріндегі денсаулық сақтау, білім беру және кедейлікпен күрес салаларына шамамен 200 миллиард доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр.
«Жуырда мен өз байлығымды 20 жылдың ішінде толықтай тарату жөнінде шешім қабылдадым. Қаражаттың басым бөлігі осы жерде, Африкада, түрлі мәселелерді шешуге көмектесуге бағытталады», - деді Билл Гейтс өзінің қорымен бірлескен баспасөз мәслихатында.
Басты басымдықтар:
– инфекциялық аурулармен күрес (соның ішінде безгек, туберкулез, ВИЧ);
– ана мен бала денсаулығын жақсарту;
– ауылдық аудандардағы білім беру сапасын арттыру;
– таза ауызсу мен санитария инфрақұрылымын дамыту;
Билл Гейтс: «Бұл – қайырымдылық емес, бұл – инвестиция. Африка елдерінде әлеует зор. Егер біз қазір қолдау білдірсек, болашақта бұл өңір әлемнің дамушы локомотивіне айналуы мүмкін».
Қор Эфиопия, ОАР, Кения, Нигерия және Сенегал сияқты елдерде өкілдіктер ашып, көптеген жобаларды жүзеге асырып келеді.
Айта кетейік, Билл және Мелинда Гейтс қоры соңғы 20 жылда денсаулық сақтау мен білім беру салаларына 50 миллиард доллардан астам қаржы құйған. Бұл жаңа бастама — олардың ең ауқымды жобасы болмақ.
Билл Гейтс атап өткендей, Африка елдерінің дамуы адам капиталын ашуға байланысты. Ол бастапқы медициналық көмектің маңызын, жүкті әйелдер мен балалардың жағдайын жақсартудың қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар Гейтс Африка елдерінің жасанды интеллектті негізгі мәселелерді шешу үшін енгізуге талпынысын жоғары бағалады.
Қайырымдылық қоры өз жұмысын 2045 жылдың 31 желтоқсанында тоқтатуды жоспарлап отыр. Алдағы 20 жыл – Билл Гейтс қоры үшін шешуші кезең болмақ.