Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:55

Трампқа импичмент пен Нобель сыйлығы қатар ұсынылды

Трамп
Фото: zhasalash.kz

Демократтар Дональд Трамптың Ирандағы ядролық нысандарға соққы жасау туралы шешімін заңсыз деп санайды.

Конституция бойынша қарулы операцияға Конгрестің келісімі керек.

"АҚШ-тың Ирандағы нысандарға жасаған шабуылдары Трампқа импичмент жариялауға негіз болып табылады", деп жазды Александрия Окасио-Кортес Х-дағы парақшасында.

Конгрессмен Президенттің шешімін жүгенсіздік деп атады. Оның пікірінше, Трамптың импульсивті түрде бастаған соғысы бүкіл елді, тіпті алдағы ұрпақтарды да тұзаққа түсіруі мүмкін. Өйткені Конституцияға сай, Америкада қарулы операция бастау үшін алдымен Конгресстің келісімі қажет. Президент өз бетінше шешім қабылдай алмайды.

Трамптың өзі соққының жаппай және нысаналы деп атады, нәтижесінде Иранның уранды байытуға арналған негізгі нысандары толығымен жойылды.

Алайда Трампты қолдаушы республикашылардың ықпалы мықты. Бір топ президентті биліктен құлатуға тырысса, енді бірі мақтауды үйіп, Нобель сыйлығына ұсынудан жалықпайды. Сондай-ақ, мұндай бастаманы Пәкістан үкіметі көтеріп отыр.

Пәкістан мен Үндістан арасындағы дауды шешкені үшін ұсынса, енді Израиль мен Иранда бейбітшілік орната алғаны үшін ең жоғары сыйлыққа лайық көріпті.

Ресми мәлімдеме 21 маусым күні Пәкістан үкіметінің X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланды. Онда Трамптың Үндістан мен Пәкістан арасындағы шиеленісті бәсеңдетуде атқарған рөлі ерекше аталып өткен.

— Өңірде жағдай ушығып тұрған шақта Трамп Исламабад пен Нью-Делимен тиімді дипломатиялық арналар орнатып, жаһандық көшбасшылық пен стратегиялық көрегендікті көрсете білді, - делінген ресми жазбада.

Пәкістан тарапы бұл араласу қарулы қақтығыстың кең ауқымды соғысқа ұласуын тоқтатқанын, атысты доғаруға негіз болғанын атап өтті. Үкімет мәлімдемесінде Трамптың Джамму мен Кашмир мәселесін келіссөз арқылы шешуге деген нақты ұмтылысы да жоғары бағаланды. Трамптың бұл әрекеттері тек Оңтүстік Азиямен шектелмейді. Пәкістан үкіметі оны қазіргі Таяу Шығыс дағдарысында — Газа мен Иран төңірегіндегі шиеленістерде де халықаралық тұрақтылыққа ықпал ететін көшбасшы деп есептейді.

Еске салайық, 2025 жылғы 7 мамырда түнде Үндістан армиясы «Синдур» операциясын бастап, Пәкістанға соққы берді. Екі ел арасындағы қарулы текетірес бірнеше күнге созылды. 10 мамырда Трамп Пәкістан мен Үндістан, Вашингтонның араласуымен, атысты доғаруға келіскенін мәлімдеді. 12 мамырда Үндістан премьері Нарендра Моди әскери операциясын аяқтады.

Дей тұрғанмен соңғы мәселеде түйткілдер көп. Себебі Иран ядролық қарудан бас тартпақ емес.