Маңғыстау облысынан Иранның «Шахедіне» ұқсас пилотсыз ұшақ табылды

Маңғыстау облысындағы Қарақия ауданынан Иран өндірісіндегі Shahed-136 типіндегі дронға ұқсас ұшқышсыз ұшатын аппарат (ҰҰА) табылды.
«Қарақия ауданы, Болашақ ауылдық округі. 2025 жылғы 19 маусымда тұрғындар Болашақ ауылдық округіндегі Бопай станциясының маңынан ұшаққа ұқсайтын белгісіз нысанды байқап, хабар берді. Бұл ақпарат тіркеліп, тиісті органдарға жеткізілді», – делінген жедел мәліметте.
Маңғыстау облыстық Полиция департаменті белгісіз нысанға қатысты ресми мәлімет берді.
«Уәкілетті органдармен бірлесіп, ұшқышсыз ұшу аппаратының бөлшектеріне ұқсас заттың табылуына байланысты тексеру жүргізіп жатырмыз. Залал келген жоқ» - деді Маңғыстау облыстық полиция департаменті.
Қорғаныс министрінің орынбасары мұны БҚО маңындағы Ресей сынақ полигонымен байланыстырған еді. Алайда Маңғыстау облысы Ресеймен шектеспейді. Онда бұл дрон қайдан келген? Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Айта кетейік, 2022 жылдың күзінен бері Иран Ресейге Shahed-136 соққы жасаушы дрондарын жеткізіп отыруы мүмкін деген деректер жиілеген. Бұл ұшқышсыз ұшақтарды Ресей Украинадағы соғыс кезінде жиі пайдалануы ықтимал. Зерттеулер мен құжаттардағы мәліметтерге сәйкес, Ресей бұл дрондардың бір партиясы үшін Иранға кемінде 1,8 тонна алтын (шамамен 104 миллион доллар) төлеген болуы мүмкін. Алайда Иран мен Ресей ресми түрде бұл дрондарды жеткізгенін де, соғыс барысында қолданғанын да жоққа шығарып келеді. Соған қарамастан, түрлі зерттеулер, сарапшылар пікірі мен құжаттық деректер бұл мәліметтерді растай түседі.
Бұл Қазақстан аумағынан ұшқышсыз ұшақ табылған алғашқы жағдай емес. 18 ақпанда Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы Ұялы ауылынан дрон табылған. 18 наурызда Тасқала ауданындағы Атамекен ауылынан тағы бір ұшқышсыз ұшақ құлаған. 25 наурызда Жәнібек ауданынан дронның бөлшегіне ұқсас зат табылып, 26 наурызда дәл сол ауданнан тағы бір фрагмент анықталған.