Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 09:00

Стамбұлда Украина мен Ресей арасындағы келіссөздер басталды: қазіргі уақыттағы мәліметтер

Зеленский
Фото: БАҚ

РФ пен Украина делегациялары келіссөз жүргізіп жатқан жер — Чыраған сарайы. 

Ресей агенттіктерінің дереккөздеріне сүйенсек, екі елдің делегация жетекшілері тет-а-тет форматында кездесіп отыр.

Ресей делегациясымен келіссөздер басталмас бұрын Украина өкілдері Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесті. Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермактың айтуынша, Стамбұлға келген делегация Ердоғанмен Владимир Зеленский, Владимир Путин, Дональд Трамп және Ердоғанның кездесу өткізу қажеттігін талқылаған.

Украина президенті Зеленский Ресей басшысымен кездесуге дайын екенін тағы растады. Бұл туралы “РБК-Украина” агенттігіне жағдайдан хабардар дереккөз мәлімдеген. “Бұл мәселені Ресей жағы кешеуілдетіп отыр. Біз бұл пунктті бекіту үшін үшінші рет келіп отырмыз”, - деген ол. Сонымен қатар күн тәртібінде бейбіт тұрғындарға жасалып жатқан шабуылдарды тоқтату, тұтқындарды алмастыру және украиналық балаларды елге қайтару мәселелері тұр.

Владимир Зеленский Telegram-да Украина Ресеймен келіссөздер кезінде атысты толық және дереу тоқтатуды талап ететінін жазды.

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, кездесудің негізгі тақырыбы — маусым айындағы отырыста тараптар бір-біріне ұсынған атысты тоқтату туралы меморандумдарды талқылау. Песков Киев пен Мәскеудің бұл мәселедегі ұстанымдары “мүлде қарама-қайшы” екенін атап өтті.

Ресей делегациясын бұрынғыдай Владимир Мединский, ал Украина делегациясын Рустем Умеров бастап келді. Бұған дейінгі тікелей келіссөздердің жалғыз нақты нәтижесі — ауқымды тұтқын алмасу болған.