Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:51

Ресей мен Украина арасындағы үшінші келіссөз раунды осы аптада Стамбулда өтеді

Ресей
Фото: БАҚ

Бұл жөнінде ТАСС агенттігі дереккөзге сілтеме жасап хабарлады. 

Келіссөздер 23 немесе 24 шілдеде өтуі мүмкін. Independent басылымының мәліметінше, тараптар шектеулі мәселелер бойынша “техникалық келіссөздер” өткізеді. Атап айтқанда, тұтқындармен алмасу, инфрақұрылым нысандарының қауіпсіздігі және шекара маңындағы аймақтардағы жағдай сөз болады.

Үшінші раундтың қажеттілігі туралы бұған дейін Владимир Зеленский мәлімдеген болатын. Бұған дейінгі екі келіссөз раундынан кейін ірі тұтқындармен алмасу жүзеге асқанымен, өзге маңызды нәтижелер жарияланбаған.

Үшінші кездесу өтетін нақты уақыт, орын және делегациялар құрамы қазіргі уақытта ресми түрде жарияланған жоқ. Бұл ақпараттар қауіпсіздік талаптарына сай құпия сақталуда.

Еске салайық, келіссөз туралы келісілгенімен, Ресей тарапы Украинаға соққы жасауын тоқтатпай отыр. 21 шілдеге қараған түні Ресей әскері Украинаға бағытталған зымырандар мен дрондарды жаппай ұшырды. Украина Қарулы күштерінің Әуе күштері Telegram парақшасында “Калибр” зымырандарының Қара теңізден, ал Х-101 қанатты зымырандарын тасымалдайтын Ту-95 ұшақтарының РФ-ның Мурманск облысынан көтерілгені хабарланды. Мониторингтік арналар дерегінше, Украинаға кем дегенде 110 ұшқышсыз ұшу құрылғысы (БПЛА) жіберілген.

Киев қалалық әскери әкімшілігінің басшысы Тимур Ткаченконың айтуынша, соққы салдарынан «Лукьяновская» метро станциясының кіреберісі бүлінген, қала бойынша бірнеше өрт шыққан. Ол бір адамның қаза тауып, тағы бір адамның ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілгенін хабарлады. Украин БАҚ-ы түнгі уақытта Киев пен оған жақын облыстарда ауа райының қолайсыз болуына байланысты әуе шабуылына қарсы қорғаныс (ПВО) жұмысы қиындықпен жүзеге асқанын жазды.

Харьков қаласына 12 рет соққы жасалғанын қала әкімі Игорь Терехов мәлімдеді. Оның айтуынша, соққының бірі Киев ауданындағы көпқабатты тұрғын үйдің маңына тиген. Бір азаматтық кәсіпорында өрт шыққан, электр және газ желісі зақымданған. Қаланың басқа бөліктеріндегі зардап пен жараланғандар туралы мәліметтер нақтылануда.

Әуе дабылы Украинадағы бірнеше аймақта – Днепропетровск, Чернигов, Полтава, Сумы, Житомир, Запорожье, Черкассы және Винница облыстарында жарияланған.