АҚШ Иранға соққы жасаса, Еуропада теракт қаупі күшейеді

Ұлыбритания мен Еуропа Одағы елдері АҚШ-ты Иранға қатысты ұстамдылық танытуға шақырды.
Олардың алаңдауынша, егер АҚШ Иранға соққы жасаса, Еуропада ираншыл топтар тарапынан терактілер толқыны болуы мүмкін.
Бұл туралы британдық The Telegraph газеті дипломатиялық дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады. Басылым мәліметінше, Ұлыбритания мен бірқатар ЕО елдері Вашингтонға Израиль мен Иран арасындағы қақтығысқа араласу Еуропадағы «ұйқыдағы жасырын топтардың» оянып, шабуыл жасауына әкелуі мүмкін екенін ескерткен.
The Telegraph мәліметіне сүйенсек, АҚШ президенті Дональд Трамп бұл ескертулерге құлақ асуы мүмкін. Себебі бұған дейін Иран билігі Трампқа қастандық жасауды жоспарлаған болуы мүмкін деген болжамдар болған.
Ұлыбритания, Франция, Германия және Еуроодақ жалпы АҚШ-ты ұстамдылыққа шақырып отыр. Олар Иранда батыс елдерінің бірнеше азаматы әлі де қамауда отырғанын алға тартуда. The Telegraph дерегінше, 2022 жылдан бері Иранда Ұлыбританиямен байланысты кемінде 15 адам шпиондық күдікпен тұтқындалған.
Израиль мен Иран арасындағы шиеленістің ушығуына байланысты Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер жағдайды дипломатиялық жолмен шешуге шақырды. Франция президенті Эммануэль Макрон да Израильдің Иранға қарсы операциясын шұғыл тоқтатуға үндеп, АҚШ-тың бұл қақтығысқа тартылуына жол бермеу керек екенін айтты. Макронның айтуынша, Израиль шабуылдары бастапқыда ядролық және зымырандық нысандарға бағытталғанымен, кейін шектен шығып кеткен.
Трамп Израиль мен Иран арасындағы қақтығысқа араласуы мүмкін екенін жоққа шығарған жоқ. Ол Ираннан толықтай берілуін талап етіп, бұл талапты соңғы ультиматум деп атады. Трамптың айтуынша, Израиль соққы жасамай тұрып-ақ Иран ядролық қару жасауға жақындаған.
Алайда АҚШ-тың барлау қызметі Иранның ядролық қару жасап жатқанына нақты дәлел таппаған.
19 маусымда Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт Трамп алдағы екі апта ішінде Иранға соққы жасау туралы шешім қабылдайтынын мәлімдеді. The Wall Street Journal газетінің жазуынша, АҚШ президенті Иранға шабуыл жасау жоспарын алдын ала мақұлдаған.
Өз кезегінде Тегеран, егер Израильге үшінші тарап қолдау көрсетсе, жедел жауап беретінін мәлімдеді.
19 маусымда Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт Трамп алдағы екі апта ішінде Иранға соққы жасау туралы шешім қабылдайтынын мәлімдеді. The Wall Street Journal газетінің жазуынша, АҚШ президенті Иранға шабуыл жасау жоспарын алдын ала мақұлдаған. Өз кезегінде Тегеран, егер Израильге үшінші тарап қолдау көрсетсе, жедел жауап беретінін мәлімдеді.