Қырғызстанда мемлекеттік тілге қатысты даулар ел ішінде алауыздық тудыруы мүмкін

Қырғыз парламенті мемлекеттік қызметке орналасу және Жогорку Кеңешке (парламентке) депутат болып сайлану үшін қырғыз тілін кемінде B1 (орта деңгей) деңгейінде білу талабын қарастыратын заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.
Бірқатар депутаттар бұл бастаманы қолдап отыр. Олардың пікірінше, қырғыз тілінің қазіргі әлсіреуіне елде мемлекеттік және ресми тілдердің қатар қолданылуы себеп.
Алайда қарсы пікір айтқан депутаттар да бар. Олар бұл заң жобасы ұлтаралық сенімге нұқсан келтіріп, елде наразылық тудыруы мүмкін деп санайды. Олардың айтуынша, көпұлтты мемлекетте мұндай заң қабылданса, билік құрылымдары бір ұлттың өкілдерінен ғана тұратын моноұлтты органдарға айналуы ықтимал.
— Жарайды, өзбек, қазақ, түрік дейік… Ал қалғандары ше? Олар депутат бола алмай ма? Олар халық емес пе? Конституцияда «мемлекеттің негізі — халық» деп жазылған. Қырғыздар — халық, ал қалған ұлттар Қырғызстан халқы емес пе? — деп наразылығын білдірді депутат Балбак Тулобаев.
Қырғызстанда мемлекеттік тіл — қырғыз тілі, ал орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие. Елде түрлі этностар — өзбектер, қазақтар, ұйғырлар, дүнгендер және басқа да диаспора өкілдері тұрады. Жаңа заң жобасы осы ұлттардың өкілдеріне қатысты шектеу тудыруы мүмкін деген алаңдаушылық туғызуда.
Заң жобасының екінші және үшінші оқылымдары әлі алда. Егер ол толық қабылданса, елдегі мемлекеттік қызмет жүйесінде тіл саясаты түбегейлі өзгеруі мүмкін.