Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:40

Неге Ресей армиясы түрмеге ұқсайды?

Түрме
Фото: zhasalash.kz (ЖИ)

Ресей армиясы қоғамда жаза ретінде қабылданады. 

Ол туралы мақтанышпен емес, қорқынышпен айтылады: армиямен қорқытады, одан жасырынуға тырысады. Үш жылға созылған соғысқа қарамастан, билік халықтың Қарулы күштерге деген көзқарасын өзгерте алмады. Керісінше, армия — қашу керек жер деген ұғымды өзі де ашық түрде қолдап отыр.

Ресейде армияның беделін арттыруға арналған талпыныстар үздіксіз сәтсіздікке ұшырап келеді. Плакаттар, сериалдар, насихатшылардың пафосты сөздері — ешқайсысы “армия — парыз” деген сенімді қалыптастыра алмады. Бұрын 27 жасқа дейін әскерден қашса, енді 30-ға дейін жасырынып жүруге тура келеді.

Ультрапатриоттар бұл жағдайға ашынып: “бізге дұрыс халық бұйырмады” дейді, яғни адамдар отан қорғаудың маңызын түсінбейді.

Қазір Ресей армиясына бару — соғысқа тікелей жол. Көпшілік мұндайға ақша үшін ғана дайын. Кейде шақыртудан қашып құтыла алмағандар ғана қызмет етеді. Бірақ қанша жерден жоғары жалақы уәде етілсе де, билік халықтан ең басты нәрсені — шын жүректен сенуді ала алмады. Әскер мен флот — қағаз жүзіндегі “мемлекеттің тірегі”, ал іс жүзінде ол жерде не істеп жатқанын түсінбейтін немесе тек ақша үшін жүрген адамдар отыр.

Контракт бағалары біртіндеп төмендеп келеді, бірақ әскерге кезек көбейіп жатқан жоқ, ақша да бұрынғыдай көп емес.

“СВО” (арнайы әскери операция) қазіргі таңда — түрмеден құтылғысы келетін қылмыскерлер, коррупционерлер немесе әлеуметтік лифті жабылған азаматтар үшін жалғыз мүмкіндік. Ал әскери міндеттілер үшін армия — қорқыныш символы болып қалған. Бұл үрдіс көп жылдан бері жалғасып келеді.

Ресей билігі армияны саяси оппоненттермен күрес құралына айналдырған. 2019 жылы ФБК қызметкері Руслан Шаведдиновты жасырын ұрлап, алыстағы Жаңа Жерге әскерге жіберді — бұл саяси оқшаулау болатын. Сол сияқты Артём Ионов, Иван Коновалов сияқты белсенділер де мәжбүрлі түрде армияға аттандырылған. Егер ресми себеп таппаса, “заң аясында” әскерге шақырып, елден оқшаулайды. Кремль армияны түрмеден айырмашылығы жоқ орын ретінде ашық көрсетуден еш қымсынбайды. Уақыт өте билік бұған да шек қоймай, қорқыту мен өлімге дейінгі қысымға көшті.

Соғыс басталғалы бері “СВО-ға жібереміз” деген сөз әмбебап қауіпке айналды. Билік, шенеуніктер, пропагандистер — ұнамай қалған адамға әскерге жібереміз деп ашық ескерту жасайтын болды.

Мысалы:

  • Дмитрий Рогозин КВН-ге ренжіп, жігіттерді армияға жіберемін деп қоқан-лоқы жасады, бірақ кейін жылдам кері шегінді.
  • Аймақтық шенеуніктің қызы бір жігітке: «Сені СВО-ға жібереміз» деп әлеуметтік желіде қоқан-лоқы жасаған. Нәтижесінде шенеунікті жұмыстан босатты, ал қызы туралы ақпарат белгісіз.

Қазіргі билік шын бейнесін жасыра алмай отыр. Армияны “қасиетті парыз” деп сипаттап, өзі оны жазаға кесетін орынға айналдырған. Соғысқа бару — батырлық емес, репрессия құралына айналған. Түрме мен армия араласып кеткен.

Ресей армиясы халық үшін ерлік алаңы емес, қорқынышты және зорлыққа толы жүйенің бір бөлігі. Оған сенім жоқ, бедел де жоқ. Енді тек ақшамен немесе мәжбүрлеп барғызуға ғана тырысуда.

Автор: Татьяна Фельгенгауэр — ресейлік журналист, The Breakfast Show бағдарламасының жүргізушісі және “Медиазона” YouTube арнасының авторы. Пікір автордың жеке көзқарасын білдіреді. Ол Deutsche Welle ұстанымымен сәйкес келмеуі мүмкін.