Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:55

«Самұрық-Энерго» қаржысын жымқырған бұрынғы депутат сотталды

Беленцева
Фото: Instagram

Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының бұрынғы депутаты Елена Беленцева мен заңгер Данияр Мергенбаевқа үкім шығарды. 

Олар аса ірі көлемде алаяқтық жасады деп танылды.

Соттың мәліметінше, Елена Беленцева — «Олимп Транс Сервис» пен «КЭМОНТ» компанияларының директоры, ал Данияр Мергенбаев — осы іске қатысы бар заңгер. Екеуі 2020–2022 жылдар аралығында алдын ала сөз байласу арқылы «Самұрық-Энерго» компаниясының еншілес ұйымы — «Ereymentau Wind Power» ЖШС қаржысын жымқырған. Бұл ақша Ерейментау қаласында қуаттылығы 50 МВт болатын жел электр станциясын салу жобасына арналған еді.

Айыптаушы тараптың мәліметінше, олар жалған келісімшарттар жасап, қаржыны өздерімен байланысы бар компаниялар арқылы аударып отырған. Залал көлемі — 8,5 миллиард теңгеден асады.

Сондай-ақ іс материалдарында Беленцева трансформаторлық қосалқы станциялар жеткізуге байланысты белгісіз «П» акционерлік қоғамымен келісім жасасып, міндеттемелерін орындамағаны, нәтижесінде бұл компанияға 157 миллион теңгеден астам шығын келтіргені көрсетілген.

Сот үкімі бойынша:

  • Елена Беленцева 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, сонымен қатар оның мемлекеттік марапаты — «Құрмет» ордені қайтарылатын болды.
  • Данияр Мергенбаев 6 жыл 8 айға сотталды.