Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:10, 27 Мамыр 2025

Ирак АҚШ-ты сотқа берді: Күрд мұнайы төңірегіндегі дау ушығып барады

Ирак
Фото: englishcentral.com

Ирак билігі Америка Құрама Штаттарына қарсы сотқа шағым түсірді.

Бұған себеп — АҚШ-тың бірқатар мұнай компаниялары мен елдің солтүстігінде орналасқан Күрдістан аймақтық үкіметі арасында жасалған келісім-шарттар. Ресми Бағдат бұл келісімдердің федералдық үкіметтің рұқсатынсыз жасалғанын алға тартып, елдің конституциясы мен энергетика саласындағы заңдарын өрескел бұзу деп бағалады.

Ирактың мәлімдеуінше, бұл келісім-шарттар елдің егемендігін бұзып қана қоймай, мұнай мен газ секторындағы бақылауды орталық үкіметтен айырып, энергетикалық қауіпсіздікке қатер төндіреді. Сондай-ақ, мұндай әрекеттер ұлттық табыстың әділ бөлінуіне кедергі келтіріп отыр.

2022 жылы Ирактың Федералдық Жоғарғы соты Күрдістан аймақтық үкіметінің мұнай келісім-шарттарын заңсыз деп таныған болатын. Сот шешіміне сәйкес, барлық мұнай және газ өнімдерін экспорттау, сондай-ақ барлау мен өндіру келісімдерін тек Бағдаттың рұқсатымен жүзеге асыру қажет. Бұл шешім күрд билігінің өз бетінше мұнай экспорттау тәжірибесіне соққы болды.

Алайда АҚШ пен Еуропадан келген бірнеше ірі мұнай компаниялары осы сот шешіміне қарамастан, Күрдістан аймағымен жеке келісімдер арқылы барлау және өндіру жұмыстарын жалғастырып келеді. Бағдат бұны халықаралық заңды елемеу және Ирактың ішкі істеріне тікелей араласу деп есептейді.

Ирак Энергетика министрлігі бұл жағдай елдің энергетика секторында тұрақсыздық пен саяси дағдарыс туғызуы мүмкін екенін ескертіп отыр. Ел билігі халықаралық қауымдастықты Ирактың конституциялық тәртібіне құрметпен қарауға және заңсыз келісім-шарттарға жол бермеуге шақырды.

Бұл дау Ирак пен АҚШ арасындағы қарым-қатынасты салқындатуы мүмкін. Сонымен қатар бұл күрделі мәселе Күрдістан аймағының автономиясы, мұнай ресурстары және халықаралық компаниялардың Ирактағы қызметі төңірегінде жаңа геосаяси шиеленістерге әкелуі ықтимал.

Тегтер: