Алаяқтар КНБ қызметкеріміз деп қоңырау шалып жатыр

ҰҚК ескерту жасады.
Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті ел азаматтарын КНБ қызметкеріміз деп таныстырып, алаяқтық әрекет жасап жүрген тұлғаларға қатысты ресми ескерту жасады.
Ведомство мәліметінше, алаяқтар қазақстандықтарға қоңырау шалып, өздерін КНБ офицері ретінде таныстырып, “тергеу ісі” немесе “ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп” туралы айтады. Олар тіпті бейнеқоңырау арқылы жалған куәліктерін көрсетіп, азаматтарды алдап, ақшаны “тексеру” немесе “қорғау” үшін арнайы шоттарға аударуға мәжбүрлейді.
Әңгіме барысында олар азаматтарды ақшаларына қауіп төніп тұрғанына сендіріп, қорғаныш немесе тексеру үшін қаражатты қауіпсіз шотқа аударуды ұсынады. Кейде оларға жинақтарын құтқару үшін несие алуға кеңес беріледі. Содан кейін ақша қылмыскерлер бақылайтын шоттарға аударылады.
Бұл әрекеттер Қылмыстық кодекстің 190 (Алаяқтық) және 385 (Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу) баптарына жатады.
Осыған байланысты ҰҚК құқық қорғау және арнайы органдар қызметкерлері азаматтарға ешқашан қоңырау шалып, қандай да бір шоттарға ақша аударуды талап етпейтінін, соның ішінде террористік әрекеттерді тоқтату сылтауымен де шақырмайтынын еске салды.
– Мұндай қоңыраулар немесе ұсыныстар алынған жағдайда полиция органдарына хабарласу керек. Азаматтарға қырағылық таныту қажет екендігін ескертеміз, - делінген хабарламада.