Қазақстан Ресейге салынатын инвестицияны он есеге қысқартты

Инвестиция бойынша Кипр мен БАӘ басымдыққа ие болды.
Қазақстандық инвесторлар шетелдік жобаларға бұрынғыдан аз қаржы салып жатыр. Finprom.kz дерегінше, 2024 жылы елден тыс тікелей инвестиция көлемі 1,9 миллиард долларды құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 61,5%-ға азайған (2023 жылы – 4,8 миллиард доллар).
2024 жылы қазақстандық капитал келесі елдерге бағытталған:
- Кипр – 518,9 млн доллар (13,5 есеге өскен);
- Ресей – 345,4 млн доллар (89,2%-ға төмендеген);
- Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) – 278,3 млн доллар (2,8 есеге өскен);
- Өзбекстан – 132,1 млн доллар (44,6%-ға артқан);
- Нидерланд – 102,9 млн доллар (71,9%-ға қысқарған).
Ал 2023 жылы Қазақстанның тікелей инвестиция құятын негізгі елдері мыналар болған:
- Ресей – 3,2 млрд доллар,
- Германия – 366,4 млн доллар,
- Нидерланд – 366 млн доллар,
- Швейцария – 128,2 млн доллар,
- Кайман аралдары – 117,3 млн доллар.
Қай салаларға инвестиция салынды?
2024 жылы шетелдегі ең ірі инвестициялар қаржы секторына бағытталды – 953,5 млн доллар, бұл өткен жылмен салыстырғанда 72,5%-ға аз. Одан кейінгі орында – үй шаруашылықтарының қызметі – 394,4 млн доллар (78%-ға өскен), өңдеу өнеркәсібі – 132,3 млн доллар (22,9%-ға қысқарған).
Инвестиция көлемі артқан салалар:
- құрылыс – 2,3 есеге өскен;
- сауда – 12,3%-ға өскен;
- білім беру, денсаулық сақтау және ойын-сауық салалары – 19,8%-ға өскен.
Ал кен өндіру саласынан қазақстандық инвесторлар қаражаттарын кері тартып жатыр – бұл салада теріс динамика байқалды.
Инвестиция көлемі бұрын қандай болған?
Қазақстан шетелге ең көп инвестиция салған жылдар – 2010-2015 жылдар аралығы. Бұл кезеңде тікелей инвестиция көлемі 6,9 миллиардтан 10,5 миллиард долларға дейін жеткен.
Инвестиция географиясының өзгеруін геосаяси жағдайлармен, санкциялық шектеулермен және капиталды қорғауға деген ұмтылыспен байланыстыра аламыз. Ресейге инвестиция салудың азаюы осы елмен сауда-экономикалық қатынастардың қайта қаралуымен де түсіндірілуі мүмкін. Ал Кипр мен БАӘ-нің инвестициялық тартымдылығы салықтық жеңілдіктер мен халықаралық қаржы құралдарына қолжетімділікпен байланысты.
Ал 2024 жылы Ресейден Қазақстанға құйылған тікелей инвестиция көлемі 4 миллиард долларды құрады. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда, 1 миллиард долларға артық. Осылайша, Ресей көп жылдан бері көш бастап келген Нидерландыны басып озып, Қазақстанның басты инвесторына айналды (Нидерланды 2024 жылы 3,8 миллиард доллар инвестициялаған). Жалпы 2024 жылы Қазақстанға тартылған ТШИ көлемі 17,1 миллиард долларды құраса, соның 23,6%-ы ресейлік капиталға тиесілі.
Қаржыгерлер қауымдастығы сарапшыларының айтуынша, түрлі санкция құрсауында қалған ресейлік инвесторлар өз капиталын көршілес елдерге, яғни шектеуі аз нарықтарға бағыттай бастаған. Бұл оларға өз жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.