Түркістан облысындағы түрме бүлігі: сотталғандарға қосымша 9 жыл жаза тағайындалды

Былтыр күзде Түркістан облысы Төле би ауданындағы №55 түзеу мекемесінде сотталғандар бүлік шығарды.
Оған себеп — кейбір сотталғандардың ата-аналары балаларына түрмеде қысым көрсетіліп жатқанын мәлімдеген. Осыдан кейін мекемеде толқулар басталған.
Түзеу мекемесіндегі сотталушылар туыстарына видеоүндеу жолдап, көмек сұраған.
Осы мекемеге келгеніме екі ай ғана болған шығар. Мұнда болып жатқандарды заң аясында деп айта алмас едім. Түрме әкімшілігінен маған болып жатқан заңсыз әрекеттерге төзе алмағандықтан, өзіме дене жарақатын салдым, – дейді видеоүндеу жолдаған сотталушы.
Түрме алдына жиналған ата-аналар балаларының бұған дейін Шымкент пен Қарағандыдағы түзеу мекемелерінде жатқанын, ол жақта мұндай мәселелер болмағанын атап өтті.
Менің де бауырым кесіліп отыр. Осы жерден мәйітін алып шықпау үшін арызданып отырған жайым бар. Уақыты тамақ берілмейді. Бір тәулік бойы менің бауырыма тамақ берілмепті. Кездесуге де кіргізбейді, – дейді сотталушының туысы Әйгерім Қожамжарова.
Сот деректеріне сүйенсек, сотталғандар 88 бейнебақылау камерасын қасақана сындырып, мекеме қызметкерлеріне шабуыл жасаған.
«Олар мекемеге орнатылған бейнебақылау жүйелерін әдейі жойған. Сонымен қатар өмірге қауіп төндірмейтін де, қауіп төндіретін де күш қолдану арқылы түрме қызметкерлеріне қарсы әрекет еткен», - деді судья Нұрмахан Жорабеков үкімді оқи отырып.

Бүлікке қатысқан сотталғандардың басым бөлігі бұған дейін есірткі тасымалы, алаяқтық, адам өлтіру және зорлау сынды ауыр қылмыстар үшін сотталғандар. Олардың кейбірі түрмеден бостандыққа шығуына екі-үш жыл ғана қалған.
Алайда бүлікке қатысқаны үшін 13 адамға қосымша 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Қазіргі таңда Төле би ауданындағы түзеу мекемесінде 700-ден астам адам жазасын өтеп жатыр.