Зеленский: Украина әскерінің қайта шабуылы жылдам нәтиже бермеді
Украина президенті Владимир Зеленский Украина қарулы күштерінің жазда бастаған қайта шабуылы Киев күткендей нәтиже бермегенін мойындады. Оның сөзінше, оған Украинаға одақтастарынан қажетті қару-жарақтың келмеуі себеп.
Зеленский бұл жөнінде Associated Pressагенттігіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Zhasalash.kz Азаттыққа сілтеме жасап.
"Біз жылдам нәтиже болғанын қаладық. Бұл тұрғыдан алғанда, өкінішке қарай нәтиже ойдағыдай болған жоқ. Бұл факт" деді Зеленский. Ол бұл Украина капитуляция жасауы керек дегенді білдірмейді деді.
"Біз өз әрекетімізге сенімдіміз. Өзімізге тиесілі жер үшін күресіп жатырмыз" деді Зеленский.
Әңгіме барысында Украина басшысы алда соғыстың жаңа кезеңі күтіп тұрғанын айтты.
"Қыстың өзі – соғыстың жаңа кезеңі. Қыста соғыс майдан сызығында ғана емес, қалаларда да жүреді. Жау әскери дрон, ракеталарды жаппай пайдаланады" деді Владимир Зеленский.
Зеленский әлем назары Таяу Шығыстағы қақтығыстарға бұрылып кеткенін де атап өтті.
"Бұл да факт. Мұнда болып жатқан соғысты ұмытып кетуге жол бере алмаймыз. Мұнда соғыс жүріп жатыр – ауыр, ірі, жаппай, ғаламдық соғыс. Бұл Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең ірі соғыс" деді Украина президенті.
Украина қарулы күштерінің қолбасшысы Валерий Залужный The Economistжурналында қараша басында жарияланған сұхбатында Ресеймен соғыс "тығырыққа тірелді", ал Украина шабуылы жылдарға созылатын позициялық соғысқа айналуы мүмкін деп мәлімдеген. Президент Зеленский ізінше генералдың айтқанымен келіспей, жағдай тым нашар айтуға болмайды деген. Бірақ Украина президенті майданда жағдай өте күрделі екенін мойындаған.
- Қазан айында АҚШ президенті Джо Байден Конгреске қорғаныс саласына 105 млрд доллар көмек бөлу туралы сұрау тастаған. Ондағы 61,4 млрд доллар Украинаға, 14,3 млрд Израильге арналған. Конгресс әлі күнге дейін Байден әкімшілігінің сұрауын қолдамады. Азаттықтың Украина қызметінің мәліметінше, соның салдарынан Украинаға көмек пакеті азайған.
- Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі басшысы Жозеп Боррел көктемде Украинаға көмек бойынша үш кезеңнен тұратын жоспарын жариялаған. Оған сәйкес ЕО Украинаға 12 ай ішінде алдымен бар қорларды пайдаланып, сосын бірлескен сатып алу келісім-шарттары мен өндірісті ұлғайту арқылы бір миллион артиллериялық оқ-дәрі беруді жоспарлаған. Жылдың соңына қарай блоктың мұны жүзеге асырып үлгермейтіні белгілі болды. Дегенмен Боррелл ол «саяси мақсат» болып қала беретінін айтты.