Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:45

Трамп Лос-Анджелестегі әскери күштер санын екі есе арттырды

Трамп
Фото: zhasalash.kz

Миграциялық саясатқа қарсы наразылықтар күшейіп барады.

АҚШ-та миграциялық саясатқа қарсы басталған жаппай наразылықтар салдарынан Лос-Анджелес қаласына қосымша әскери күш тартылды. Калифорния штатының губернаторы Гэвин Ньюсомның мәлімдеуінше, қаладағы Ұлттық гвардия сарбаздарының саны 4 мың адамға дейін көбейтілді.

Сонымен қатар Кэмп-Пендлтон әскери базасынан 700 теңіз жаяу әскері (морпех) қалаға жіберілмек. Билік өкілдері мұндай шешімді «федералды қызметкерлер мен нысандарға төнген қауіптің артуымен» түсіндіреді.

АҚШ президенті Дональд Трамп наразылық білдірушілерді «кәсіби бүлікшілер» деп атап, тәртіпсіздіктер жалғасқан жағдайда федералды әскер санын одан әрі арттыратынын ескертті.

Truth Social әлеуметтік желісінде жарияланған жазбасында Трамп әскери қызметкерлерге құрмет көрсетпегендерге күш қолданылатынын ашық айтты.

Біз Калифорниядағы зорлық-зомбылықпен, арандатушылықпен басталған тәртіпсіздіктерге қарсы Ұлттық гвардияны жіберу арқылы өте дұрыс шешім қабылдадық. Егер біз бұлай істемегенде, Лос-Анджелес жер бетінен жойылып кетер еді. Өте біліксіз «губернатор» Гэвин Ньюсом мен «мэр» Карен Басс маған: «Трамп мырза, сіз кереметсіз, біз сізсіз - ешкімбіз» - деп айтуы керек еді. Бірақ олар керісінше, Калифорния мен Америка халқына өтірік айтып, біздің көмегіміз қажет болмады, бұл «бейбіт шерулер» деген сылтаумен халықты алдап отыр. Ал бір ғана сурет пен видеоның өзінен бұл — зорлық пен қирату екенін көруге болады. Біз әрқашан азаматтарымыздың қауіпсіздігі үшін қажетті шараларды қолданамыз. Себебі біз, бәріміз бірігіп, Американы тағы да ұлы етеміз!, - деді Трамп.

Қазір Лос-Анджелес көшелерінде қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Жергілікті халық пен құқық қорғау органдары арасында шиеленіс күшейіп келеді.

Тегтер: