Қытай университеттері жаһандық рейтингте алғаш рет АҚШ-ты басып озды

The Center for World University Rankings (CWUR) жариялаған Global 2000 рейтингінде Қытай университеттері алғаш рет АҚШ университеттерінен озып, көш бастады.
Биыл жаһандық тізімге Қытайдың 346 жоғары оқу орны енген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 22 университетке артық. Ал АҚШ университеттерінің саны 329-дан 319-ға дейін қысқарған.
Сарапшылардың айтуынша, Қытай білім беру жүйесі соңғы онжылдықта қарқынды дамып, ғылыми зерттеулер мен кадр даярлауға бағытталған мемлекеттік қолдаудың арқасында айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. CWUR президенті доктор Надим Махассен атап өткендей, бұл — Қытай үкіметінің жоғары білім мен ғылымға ұзақ мерзімді және жүйелі түрде инвестиция салуының жемісі.
Тағы бір маңызды жайт — Қытай университеттерінің 98%-ы рейтингтегі өз позициясын жақсартқан. Ал америкалық университеттердің 83%-ы төменге сырғыған. Бұл жағдай әлемдік білім беру нарығында Шығыс пен Батыс арасындағы күштердің ауысуына дәлел бола алады.
Қытайдың жетекші университеттері — Цинхуа университеті, Пекин университеті және Фудань университеті — әлемнің үздік оқу орындарымен терезесі тең екенін дәлелдеп келеді. Олардың ғылыми-зерттеу қызметі, халықаралық ынтымақтастығы мен кадрлық әлеуеті жылдан-жылға артып отыр.
Мамандардың пікірінше, бұл үрдіс алдағы жылдары да жалғасын тауып, Қытай әлемдегі жетекші білім беру хабтарының біріне айналуы мүмкін.