Илон Маск Трампқа импичмент жариялау бастамасын қолдады

Маск Трамптың президент болуына қарсы.
Технологиялық миллиардер, SpaceX және Tesla компанияларының басшысы Илон Маск АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трампқа импичмент жариялап, оның орнына вице-президент Дж.Д. Вэнсті тағайындау туралы ұсынысты қолдады.
Бұл идеяны алғаш болып X (бұрынғы Twitter) желісінде белгілі блогер Ян Майлз Чонг көтерген. Маск оның жазбасына қысқа әрі нақты “ИӘ” деп жауап беріп, өз ұстанымын білдірді.
Масктың бұл мәлімдемесі — оның Трамппен арадағы шиеленісіп бара жатқан қарым-қатынасының жалғасы. Бұған дейін Трамп өзінің Truth Social платформасында Илон Масктың компанияларымен жасалған мемлекеттік келісімшарттарды тоқтатып, оған беріліп келген субсидияларды алып тастау арқылы бюджетті миллиардтаған долларға үнемдеуге болады деген еді.
Бұл сөзге жауап ретінде Маск:
«Егер президент шынымен де мемлекеттік келісімшарттарды жоюды ойласа, біз SpaceX-тің Dragon ғарыштық бағдарламасын дереу тоқтатуға мәжбүр боламыз», – деді.
Айта кетейік, дәл осы Dragon кемелері — АҚШ-тың Халықаралық ғарыш стансасына (ХҒС) астронавтар мен жүк жеткізу миссиясының ажырамас бөлігі.
Илон Маск соңғы айларда өзін ешқандай саяси лагерге жатқызбайтынын жиі айтып жүр. 1 маусымда ол өзінің X парақшасында:
«Қазіргі саяси бағыттардың ешқайсысымен келіспеймін», – деп жазған еді.
Алайда Масктың бұл импульсивті және біржақты мәлімдемелері оның АҚШ саясатындағы салмағы мен ықпалын айқын көрсетіп отыр. Бір жағынан миллиардер, екінші жағынан — бүкіл америкалық ғарыш бағдарламасына қатысы бар ойыншы.
Бәлкім, болашақта NASA емес, X-платформа арқылы ғана саяси шешім қабылданатын күн алыс емес шығар.