Берденовке шабуыл қызғаныш себебінен болған

Шымкентте Руслан Берденовке жасалған қастандыққа қатысты сот процесі басталды.
Айыпталушы Ернар Жиенбай сотта өз кінәсін ішінара мойындады. Ол аңшы мылтығынан атқанын растады, алайда өлтіру ниеті болмағанын, тек қорқытқысы келгенін айтты. Сондықтан ол «кісі өлтіруге оқталу» бабы бойынша тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеді.
– Мен өкінемін. Бұл – қызғаныштан туған іс. Бұл – менің ар-ожданым. Мұның жұмысқа еш қатысы жоқ, - деді Ернар Жиенбай сотта.
Руслан Берденовтың өзі сот отырысына келмеген. Қазір ол ем қабылдап жатыр деген ақпарат бар.
Шымкент қалалық полиция департаментінің мәліметінше, тергеу Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша жүргізілген.
— ҚК 24-бабы 3-бөлігі — Қылмыс жасауға тура бағытталған, тікелей пиғылмен жасалған әрекеттер (әрекетсiздiк), егер бұл ретте қылмыс адамға байланысты емес мән-жайлар бойынша ақырына дейiн жеткiзiлмеген болса, қылмысқа оқталу деп танылады;
— ҚК 99-бабы 2-бөлігі 6-тармағы — басқа адамдардың өміріне қауіпті тәсілмен жасалған кісі өлтіруге оқталу.
Аталған қылмыстар үшін 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Жаза мүлікті тәркілеумен немесе соттың шешімі бойынша тағайындалады.
Еске сала кетейік, қастандық 21 сәуір күні жасалды. Әкім орынбасарына қала әкімдігінен шыққан сәтте бес рет мылтықпен оқ атылған. Қаскөй — оның бұрынғы бағыныштысы Ернар Жиембай екені анықталған.
Мәліметтерге сәйкес, қалалық әкімдікке қарасты «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС директоры Ернар Жиенбай жиын барысында Берденовтің сынына ұшырап, залдан шығарылған. Осы оқиғадан кейін шенеунік серіктестіктің қызметін тексеруді тапсырған және Жиенбайды қызметінен босату туралы шешім қабылдаған. Тергеу бойынша, дәл осы жағдайлар шабуылдың басты себебі болуы мүмкін.
Мамыр айының басында Руслан Берденов алғаш рет байланысқа шығып, дәрігерлерге алғысын білдіріп, емдеу барысы туралы баяндаған еді.
Біз бұған дейін Берденовтің бизнестері туралы да жазған едік.