1 млн 107 мың қандас һәм атажұрт
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің берген мәліметіне сүйенсек, 1991 жылдан бастап 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін 1 млн 107 мың этностық қазақ тарихи Отанына оралған екен.
Оның 881 мыңнан астамы 1991-2011 жылдар аралығында көшіп келген. Демек, кейінгі үш жылда да үш жүз мыңдай қандас келіп, еліміздің түкпір-түкпіріне орналасқан.
Атап өтер жайт, елімізге қандастардың келуі Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын күндерде де, нарықтың өтпелі кезеңінде де тоқтамаған екен. Нақты статистиканы сөйлетсек, көші-қонның ерекше күш алған кезеңі 2001-2011 жылдары болған. Ұлы көш ерекше қарқын алып, 697 769 этностық қазақ атажұртқа қоныс аударып, 2007 жылы алыстағы ағайындарды қабылдау квотасы рекордтық көрсеткішке жеткен. Яғни 15 мың отбасына арналып квота бөлінген. Бұл көшті одан әрі жақсартуға арналған бағдарламалар да қабылданды.
Мәселен, 2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасы саладағы талай мәселенің шешімін тауып, көштің көбеюіне әсер еткен. Тіпті осы бағдарлама аясында арнайы қандастар үшін тұтас ауылдарға үйлер салынған. Яғни келген қандастың пәтері дайын тұруына күш салынған. Ақмола облысындағы – «Нұрлы көш», Солтүстік Қазақстанда пайда болған Бәйтерек ауылдары осы бағдарламаның арқасында бой көтерген. Ал 2018 жылдан бастап квотаны бұрынғыша қандастар отбасыларының санына емес, шетелден көшіп келушілердің нақты санына қарай белгілеу жүйесі енгізілген. Сөйтіп, 2018 жылы – 2185, 2019 жылы – 2031, 2020 жылы – 1378, 2021 жылы – 941, 2022 жылы 1499 қандас квота алу мүмкіндігіне ие болды. Ал биыл 1925 қандасқа квота бойынша қолдау көрсетілмекші. Еліміз қай жылдарда болмасын қандастар мәселесін қаперінен шығармағанын статистика көрсетіп отыр.
Осы орайда заңгер Нұра Тынысқызы қандастардың құқығының да қорғалуына мән беріліп жатқанын айтады. «Рас, қандастарды үймен қамту, құжатын реттеумен бірге олардың құқығының қорғалуы да басты назарда болып келеді. Мәселен, соның бір дәлелі оралман сөзінің қандас деген сөзге алмастырылуы дер едім. Айтылуы да, құлаққа естілуі де ыңғайсыз сөзден бас тартып, қазір қандас атап бастадық. Тіпті халық жаппай осы сөзге үйренісе бастады. Бұрын оралман сөзі оларды шеттетудей естілетін болса, қазір қандас сөзі құлаққа жағымды, жүрекке жылы тиеді. Оларды бауырға тарту алдымен атаудан басталатынын ескерген еліміздің бұл қадамы бізді қуантады. Қандастарымыздың құқығын бұзудың бір көрсеткіші олардың тіл жағынан қиналуы болатын. Қазір құжаттандыратын мекемелердің барлығы арнайы қазақ тілді мамандармен қамтылып, олардың түсінісуіне де жағдай жасалуда. Қандастарымыздың кәсіппен айналысуына да жағдай жасалып жатыр. Мұның бәрі еліміздегі көші-қон саясатының дұрыс жүргізіліп жатқанының айғағы» дейді.
Ендеше, елдегі осынша шарапатты сезінгісі келетін ағайынның көші көлікті болғай!