1 млрд теңге жымқырды деп айыпталған бұрынғы вице-министрдің ісі сотқа жіберілді
Бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановтың ісі бойынша тергеу аяқталды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановқа, сондай-ақ мердігер компания басшылығына қатысты тергеудің жақында аяқталғанын хабарлады. Олар қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды және 1 миллиард теңгеден астам қаражатты ұрлады деп айыпталып жатыр.
13 желтоқсанда Бас прокуратура істі сотқа жіберген.
Айта кетейік, бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапановқа қатысты тергеу барысы туралы атқан еді. Вице-министр 2024 жылдың 1 наурызында ұсталды. Оған көрме ұйымдастыру туралы келісім жасасуға лобби жасады деген айып тағылды.
“Ол коммерциялық ұйымның мүддесі үшін әрекет ете отырып, 2018 жылы Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының XV Өңіраралық ынтымақтастық форумының көрмесін ұйымдастыру бойынша шарт жасасуды қолдаған. Бұл ретте форумды өткізу үшін смета екі есеге өсті, соның салдарынан бюджет қаражаты негізсіз жұмсалды”, - делінген хабарламада.
Ерлан Қожағапанов 1994-2007 жылдар аралығында мемлекеттік органдар мен кәсіпорындарда жұмыс істеген. 2007–2013 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.
2013–2016 жылдары Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Футбол федерациясының президенті қызметтерін атқарған.
2017-2019 жылдары - Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт вице-министрі болған.
2019 жылдың тамыз айынан ұсталғанға дейін Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарды.