Жетісу өңірінде «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Қазақстан – Қытай халықаралық өнеркәсіп қаласы» жобасының құрылысына дайындық жұмыстары жүріле бастады. Еске сала кетейік, аталған индустриалды паркті салу жұмыстары пандемияға байланысты тоқтап қалған болатын.
Өткен жылдың желтоқсан айында облыс әкімі көрші ел инвесторларымен онлайн кездесуде құрылыс жұмыстарын қайта жандандыруға келісіп, меморандумға қол қойған. Жаңа өндірістік кешендер, дамыған инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындары мен сауда ойын-сауық орталықтары сияқты түрлі нысандарды қамтитын логистикалық технопаркты салуға 1 трлн теңгеден астам инвестиция құйылмақ.
Көрші елдердің екіжақты ынтымақтастығына байланысты осы секілді бірқатар мәселелер 21 қараша күні Талдықорғанда өткен облысы әкімі Бейбіт Исабаев пен ҚХР Іле-Қазақ автономиялық облысының делегациясы кездесуінде талқыланды. Бұдан өзге Қазақстан-Қытай шекара пункттерінің өткізу қабілетін бірлесіп ұлғайту, туризмді дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді ілгерілету, тауар экспортының көлемін арттыру сияқты мәселелер ортаға салынып, нақты келісімдерге қол жеткізді. Сондай-ақ Талдықорғанда «Гуандун Сучун қоршаған ортаны қорғау технологиясы» компаниясы тұрмыстық, құрылыс және химиялық қалдықтарды терең және кешенді қайта өңдеу жобасын іске асыру жоспарланып отыр. Осыған байланысты биыл 8 қыркүйекте облыс әкімдігі мен аталған компания арасында меморандумға қол қойылған. Облыс басшысы осындай жобаларды бірлесіп бастауға, туризм, сауда және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында ынтымақтастық орнатуға және жан-жақты қарым-қатынастарды кеңейтуге мүдделі әрі дайын екендігін жеткізді. Өз кезегінде Іле-Қазақ автономиялық облысының губернаторы Ерат Тұрсынбай екі елдің көршілес өңірлері арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бұрын қол жеткізілген бірқатар келісімдерді ілгерілету мақсатында бірнеше ұсыныстар айтты. Олардың біріншісі, ауыл шаруашылық ынтымақтастық механизмін және екі сала арасындағы байланыстарды құруға қатысты. Сонымен қатар губернатор жүгері мен бидай өсіру, тамшылатып суару технологиясы, су мен тыңайтқыштардың үйлесімі сияқты мәселелерде өз білімдерімен бөлісуге және ақпараттық қолдау көрсетуге мүмкіндіктер бар екендігін білдірді. Бұдан бөлек Шыңжаңның еркін экономикалық аймағында Қазақстанның ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының жұмыс істеуі, топтық автобус турлары үшін туристік маршруттар құру, сондай-ақ «Нұрлы жол» автомобиль өткізу пункті арқылы шекарадан өтуді ұйымдастырудың тиімділігін одан әрі арттыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.