Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 16:55

“10 000 адамды заңсыз түрмеге қамап отыр” - Ресей диссиденттері

 Түрме
Фото: БАҚ

Ресей түрмелерінде отырған он бір белгілі диссидент әлемдік қауымдастыққа ашық хат жолдап, Мәскеу мен Киев арасындағы ықтимал бейбіт келісім аясында ресейлік саяси тұтқындар мен Ресейде ұсталған украиналық бейбіт тұрғындарды жаппай босатуды талап етті. 

Олардың айтуынша, қазіргі таңда Ресей билігі кемінде 10 000-ға жуық адамды — саяси себептермен қудаланған ресейліктер мен Украина азаматтарын — заңсыз түрде қамауда ұстап отыр.

Reuters агенттігі жариялаған хатта диссиденттер Ресей әскерімен қатар, Ресей басып алған аймақтарда мыңдаған украин бейбіт тұрғындары да «тұтқын», тіпті «кепілде» отырғанын мәлімдеген. Олар бұл адамдарды әскери тұтқындармен қатар, толықтай алмастыруды талап етіп отыр.

«Біз Ресей мен Украина арасындағы келіссөздерге қатысушы тараптарды әскери тұтқындар мен бейбіт тұрғындарды "барлығын – барлығына" формуласы бойынша дереу алмастыруға шақырамыз. Бұл тізімге украиналық бейбіт тұрғындар да кіруі тиіс», - делінген мәлімдемеде.

Хатқа қол қойғандардың арасында 2022 жылы Украинаға басып кіруден кейін қабылданған жаңа заңдар негізінде алғаш болып сотталған 63 жастағы Алексей Горинов бар. Ол Ресей армиясы туралы «жалған ақпарат таратты» деген айыппен бас бостандығынан айырылған.

Ең жас қол қоюшы — 19 жастағы Дарья Козырева. Ол сәуір айында Украинадағы соғысқа қарсы граффити мен ХІХ ғасыр ақындарының өлеңдерін қолданғаны үшін 2 жыл 8 айға сотталған. Қол қоюшылардың қатарында сонымен қатар әлеуметтанушы Борис Кагарлицкий, анархист Азат Мифтахов, ақын Артём Камардин, белсенділер Анна Архипова, Владимир Домнин, Дмитрий Пчелинцев, Андрей Трофимов, Илья Шакурский және Александр Шестун да бар.

Диссиденттердің жазуынша, бүгінгі Ресейде әділет пен бейтараптық жоқ. «Кімде-кім сын көзбен қарауға батылы жетсе — темір тордың ар жағында», - деп жазған олар, қазіргі сот жүйесінде саяси істер бойынша айыпталғандарда ақталуға ешқандай мүмкіндік жоғын айтады.

Түрмеде отырғандардың денсаулығына да қауіп төніп тұр. Олардың айтуынша, көптеген тұтқын ауыр жағдайда және кейбіреуі өлім аузында. Алексей Гориновтың мысалында, басқа тұтқындардың доносымен қосымша үш жылға сотталғанын атап өткен.

Осы үндеуді Нобель сыйлығының лауреаты, «Новая газета» басылымының бас редакторы Дмитрий Муратов та қолдады. Ол Ресей, Украина, АҚШ, Еуроодақ пен басқа да елдердің көшбасшыларын бұл мәселеге бей-жай қарамауға шақырды.

Өткен айда Стамбулда өткен бейбіт келіссөздер барысында Ресей Украинаға «саяси тұтқындарды» өзара кешіріммен босату және бейбіт тұрғындарды алмастыру туралы меморандум ұсынған. Алайда бұл ұсыныс ресми түрде талқыланбаған және Кремль өкілі Дмитрий Песков оның мазмұны жайлы жария түрде пікір білдіруден бас тартты.

«Біз бұны жария түрде талқыламаймыз, бұл тек келіссөз процесіне кедергі келтіруі мүмкін», - деді ол.

Зеленский болса, мұндай талаптарды «ультиматум» деп атады. Себебі меморандумда Украина әскерінің барлық қозғалысын тоқтату, шетелдік қару жеткізуді доғару, әскери жағдайды енгізу, жаңа президенттік және парламенттік сайлау өткізу сынды шарттар қамтылған.

Ресейдің түрме жүйесіне таратылған тұтқындардың хаттарына көмектескен оппозициялық саясаткер Елена Филинаның айтуынша, тұтқындар бейбіт келісімдер — олардың бостандыққа шығуы үшін соңғы мүмкіндік деп сенеді.

«Егер бейбіт келісімдер олардың амнистиясын, айырбасын немесе босатылуын қамтымай қабылданатын болса, бұл мүмкіндік ұзақ уақытқа дейін жабылады», - дейді Филина.

Бұл хат Ресейдегі репрессиялық жүйеге қарсы ішкі қарсылықтың дауысы ғана емес, сонымен бірге халықаралық қауымдастыққа жасалған соңғы үмітті үндеу ретінде бағаланып отыр.