10:25, 23 Тамыз 2024
10 млн АҚШ доллары болатын Сақ дәуірінің мұрасы мемлекетке қайтарылды

ҚР Бас прокуратурасы 10 млн доллардан астам түсініксіз байлыққа қатысты алғашқы сот актісі орындалғанын мәлімдеді.
«Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң субъектісінің активтерді иемдену көздерінің заңдылығын мониторингілеу және талдау шеңберінде онымен үлестес тұлғаларда пайда болуы түсініксіз активтері анықталған.
Ағымдағы жылы активтерді қайтару жөніндегі комитет 10 млн АҚШ долларынан астам сомаға активтерді мемлекет кірісіне айналдыру туралы талап арыз берді. Сот талқылауы барысында жауапкерлер өздеріне тиесілі активтерді иемдену көздерінің заңдылығын дәлелдей алмады.
Бірінші сатыдағы сот Активтерді қайтару жөніндегі комитеттің талаптарын толық қанағаттандырды, сот алқасының қаулысымен жауапкерлердің апелляциялық шағымдары қанағаттандырусыз қалдырылды.
Cот шешімін орындау шеңберінде қолма-қол ақша, қымбат зергерлік бұйымдар, сарапшылардың пікірінше түбірі Сақ дәуірінен басталатын тарихи-мәдени мұразаттары мемлекет кірісіне айналдырылды.
Прокуратура мәліметінше, бұл жағдайда активтерді мәжбүрлеп қайтару механизмі қолданылғанына қарамастан, активтерді ерікті түрде қайтаруды ынталандыру «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңның негізгі қағидаты болып қала береді.