«100 кітап»: науқан мен талғам арасындағы кітап тағдыры

Абайдың 180 жылдық тойы қарсаңында Қазақстан әдебиетіндегі таңдаулы 100 кітаптың тізімі шыққан еді.
Тізімге қандай автордың қай шығармасы енгені қызық болса керек, қазақ оқырманы елең ете қалды. Тіпті тізімге қатысты әлеуметтік желіде талқы басталып, даулы әңгімелер де лезде белең ала жөнелді. Енді әңгімені әлқиссадан бастайық. Биыл 23 сәуірде «Ұлттық кітап күні» тойланып, дәл сол күні таңдаулы 100 әдебиеттің тізімін анықтауға бағытталған жалпыхалықтық сауалнама басталды. Содан бері «100 кітап» жобасына жүз мыңнан астам адам қатысып, өз таңдауын жасаған еді. Сауалнама eGov порталы арқылы жүргізілді. Кез келген азамат арнайы анкета дайындалған eGov Mobile қосымшасына тіркеле отырып, өзінің он үздік таңдаулы кітаптарын ұсынды. Үш айға созылған сауалнаманың және сарапшы пікірлерінің қорытындысына сай Абайдан Гүлнар Салықбайға дейінгі 100 автордың ең таңдаулы деген шығармаларын тізіп берген. Байқасақ, басым бөлігі классикалық еңбектер. Әрине, тізімге енген шығармалардың бағасына, авторлардың шеберлігіне дау жоқ. Дегенмен бір қарағанда тізім біржақты шешіммен жасалғандай боп көрінетіні рас. Себебі – анық. Тізімге енген кітаптар мен авторлардың барлығы бірдей қазіргі оқырман іздеп оқитын, сатылымы мен таралымы көп кітаптардың қатарында емес. Көбісі бәріміз мектепте оқыған авторлар. Сонда бұл тізімнің қалай жасалғаны қызық. Әрине, кітапты сатылымы мен таралымы жағынан ғана есептеп, тізімді сол факторларды есепке ала отырып құрса, алғашқы ондықтан тіпті де жат, діни әлде бұқаралық кітаптарды көретін бе едік? Бұл тұсынан қарасақ, санға емес, сапаға назар аударғаны ұнады. Дегенмен әуелден қазақ оқырманына таныс бұл 100 кітапты тізгеннен, оны қайта басып шығарғаннан не өзгермек, жобаның сондағы мақсаты мен болашағы қалай болмақ деген сұрақтың туатыны да рас.
Байқасақ, «100 кітапта» классикалық туындыларға басымдық бергендіктен, қазіргі әдеби процесс шет қалғанға ұқсайды. Оның үстіне, әдетте мұндай бастамалардың жүзеге асу процесі мен нәтижесі дабыралы науқаннан ары аса алмай жататыны тағы бар. Яғни мұндай жобалардың түп мақсаты –халықты көркем, ғылыми және тарихи құндылығы жоғары әдебиеттермен қайта табыстыру, ұмыт қалған асыл мұраны ел санасына сіңіру болса, тәжірибеге келгенде осы сипаттағы бастамалар көбіне-көп тізім құрастыру мен оны көпшілікке жариялаудан ары аспай жатады. Әділдігі, әрқашан күмәнді әрі таласты мұндай сауалнамалар қайта-қайта жасалып тұрады. Бір өкініштісі –уақытша ғана. Әдетте тез ұмытылады. Күллі халық, қалың ел боп дауыс беріп анықтаса да, кіл әдебиетші мен сарапшылар анықтаса да солай. Анығында, бұл тізімді анықтаған соң не болмақ, дүкен сөрелерінде мұқабасы жылтырап, аты айқайлап тұрған, бірақ іші жұтаң, жауыр көп кітаптың орнын басар қандай да бір жобалар мен бастамалар туып, сапалы туынды, көркем әдебиеттің парқын білетін талғампаз оқырмандардың қатарын қалыптастыра ала ма деген сұрақпен тағы да бетпе-бет келеміз. Хош. Қалай десек те, соңғы жылдары жастардың жаппай кітап оқуды трендке айналдыруы көңіл қуантарлық жағдай, әрине. Дегенмен кітап дүкендеріне кіре қалсаң, қазақша кітаптардың қатарында әртүрлі авторлардың, соның ішінде медиа тұлғалардың, айтыскер, діни коучтардың кітабы қаптап тұратыны тағы рас. Бірі өз өмірін жазса, бірі халықты түзеу, ақыл айту мақсатында кітап шығарып жүр. Тіпті бүгін шығып жатқан кітаптардың қатарында асабаларға, халыққа шешен сөйлеуді үйрететін, одан қалды психологиялық жанрдағы кітаптар көп-ақ.
Орыс ақыны Бродский: «Адам қандай кітап оқыса, соған айналады» дейді. Рас-ау. Себебі кітап – адамзаттың сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, рухани мәйегі. Ақпараттар тасқыны орын алған аласапыран заманда жақсы кітаптың құндылығы одан сайын артса керек. Ал әдебиеттің төңірегінде таластың болуы қай заманға да ортақ құбылыс. Қош, сонымен «100 кітапқа» қайтып оралайық. Әуелі осы жобаның мақсаты, барысы туралы ақын Қалқаман Сариннен сұрап көрдік.

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІН БІР ҒАНА ЖҮЗДІКПЕН ТҮГЕНДЕП БІТУ МҮМКІН ЕМЕС
«Өздеріңіз білесіздер, мемлекет басшысының Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдағы тапсырмасына сәйкес, биыл 23 сәуірде Ұлттық кітап күні алғаш рет атап өтілді. Сол мерекеде «Қазақ әдебиетіндегі таңдаулы 100 кітапты» анықтау туралы бастама көтеріліп, Ұлттық құрылтай мүшелері осындай мазмұнды да масштабты іске мұрындық болды.
Жобаның негізгі мақсаты – қоғамды кітап оқуға үндеу, әдеби мұраны дәріптеу, әр буынның кітапқа деген талғамын зерделеп, ұлттық әдеби канонды қалыптастыру. Бүгінгі нәтижеге қарай отырып, осы ізгі бастама толығымен үдесінен шыға алды деп есептеуге болады. Өйткені бас-аяғы 3 айдың ішінде 100 мыңнан астам оқырман дауыс беріп, таңдауын жасаған. Бір қызығы, бұған дейін де елімізде осы сияқты тізімдерді жасау талпысы болған. Түрлі баспалар, ұйымдар жасауға тырысты, бірақ ашығын айту керек, олардың көбісі жалпыхалықтық сипатқа ие болған жоқ. Біз осы олқылықтың орнын толтыру үшін eGov Mobile платформасын қолданып, жалпы халықтың ұсынысын жинадық, сонымен қатар сарапшылардың да пікірі ескерілді. Сауалнама жалпыхалықтық деңгейде өтті. Форматы жағынан гибридтік деп айтуға болады. Өйткені халық арасында жаппай сауалнама жүргізілді. Әр аймақтан, әр жастағы оқырман eGov порталы арқылы өзіне ұнайтын, таңдаулы шығармаларын ұсынды. Одан бөлек, белгілі қаламгерлер, әдебиет сыншылары мен сарапшылар да үн қосып, ең үздік деген туындыларды таңдады. Сонымен қатар «100 кітап» жобасы аясында әртүрлі әлеуметтік желілерде «әдеби эстафета» кең өріс алды. Оған мемлекет және қоғам қайраткерлері, өнер майталмандары қатысып, сүйікті кітаптарын ұсынды. Эстафета тек танымал тұлғалар шеңберінде қалып қоймай, қалың көпшілік, қарапайым оқырманға ұласты.
Осы жобаның күні кеше қорытындысы жарияланып, Қазақстан әдебиетіндегі таңдаулы 100 кітап анықталды. Алайда бұл жұмыс тек тізім жасаумен шектелмейді. Керісінше, біз үшін ең маңызды кезең енді басталмақ.
Алдағы уақытта осы кітаптарды кеңінен насихаттауға бағытталған бірқатар жобалар қолға алынып, оқырман клубтары мен мектептер, жоғары оқу орындарында әдебиет апталықтары өтіп, авторлармен кездесулер ұйымдастырылса деген үмітіміз бар. Әр кітап туралы бейнематериалдар, подкасттар, талдау мақалалары әзірленіп, әлеуметтік желілер мен медиа платформаларда тұрақты түрде жарияланса, нұр үстіне нұр болар еді. Сонымен қатар «100 кітап» жобасы баспа ісін де жаңғыртады деп ойлаймын. Осы орайда, жобаны қолдап, бірден қызығушылық танытқан «Меломан-MARWIN» дүкендер желісінің серіктес болуы жайдан-жай емес.
Айта кету керек, бұл – қатып қалған тізім немесе «соңғы үкім» емес, жылдар өткен сайын әр заманның «өз үздігі» анықталып, «өз таңдауы» жасалып отырады. Әр әдеби басылым, әр кітап клубы өз тізімін жасай алады. Бір қуантатыны, қазірдің өзінде 100 кітап сауалнамасы кітапханаларға тың серпін берген секілді. Өйткені Ұлттық кітапхана «Балалар әдебиеті», «Жасөспірімдер әдебиеті», «Отбасымен бірге оқитын кітаптар» деген секілді шарттар бойынша өзінің нұсқасын ұсыныпты. Ал енді «100 кітап» тізіміне енбей қалған шығармалар төңірегінде талас-тартыс тууы заңды құбылыс. Бұл әдебиеттің табиғатына тән нәрсе. Әдебиет бір ғана өлшемге сыймайтын өнер. Біреу үшін «ұлы» деп саналатын шығарма, екінші адам үшін жай ғана жақсы кітап болуы мүмкін. Әдебиет айналасында әрдайым пікір алмасу, көзқарас қақтығысы болған, бола береді де. Нағыз әдебиетте өткен мен бүгін, дәстүр мен жаңашылдық, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар үздіксіз пікір алмасып отырады. Керісінше, мұндай пікірталастар әдебиетіміздің өміршең екенін, дамып келе жатқанын көрсетеді деп ойлаймын.
«100 кітап» науқан үшін жасалған жоба емес. Жазушыларды жарыстыру немесе таластыру да емес. Бұл әдебиетті кеңінен насихаттаудың, оқырман мен кітап арасындағы байланысты жаңғыртудың бір жолы. Мұндағы басты мақсат – әр шығарманың өзіне тән құндылығын көрсетіп, оны оқырманға жеткізу. Бұл тек бүгінгі күннің талғамына емес, уақыт сынынан өткен әдеби байлығымызға сүйенген, оқырманды ойландыратын, талғамын қалыптастыратын бастама. Қайталап айтам, «100 кітап» жобасы ең алдымен кітап оқу мәдениетін арттыруға арналған қадам. Бұл соңғы үкім де, мызғымас соңғы тізім де емес. Қазақ әдебиетін бір ғана жүздікпен түгендеп біту мүмкін емес. Оған кірмей қалған шығармаларды нашар немесе елеусіз деу қате болар еді. Алдағы уақытта бұл тізім кеңейіп, жаңа авторлар мен шығармалар қосыла береді деп ойлаймын», – дейді ақын.

Ал жазушы Есбол Нұрахмет тізімге тіпті де көңілі толмайтынын, бұдан да лайық шығармалардың басым екенін алға тартты. Жазушы мұндай тізімді жасағаннан гөрі әлем авторларын аударуға көбірек көңіл бөлген дұрысырақ деп есептейді.
БҰЛ ӘДЕБИЕТТЕГІ АБЫРОЙЛЫЛАРДЫҢ ТІЗІМІ ҒАНА
«Тізімді шолып шықтым. Шолып шыққан себебім, мемлекеттік деңгейдегі үлкен бір шара деп ұрандатқан соң шолып шығайын деп қарадым, болмаса назар салатын нәрсе емес. Жалпы бұндай тізімді мемлекет боп жасау үлкен ұят. Өйткені мұндаймен шағын әдеби журналдар, шағын редакция да айналыса береді деп ойлаймын. Бұл жобаны ұйымдастырғанда шынайы мақсат осы қорытынды тізімді шығару емес, халық қаншалықты кітап оқиды, кімдерді көп оқиды, соған қарай елдің зиялы бөлігінің көңіл күйі қандай, соны білгісі келген шығар деп ойлаймын. Яғни «биг дата» үшін не жай ғана мәлімет жинау шығар деп ойлаймын. Бірақ онсыз да, басқа жолдармен, мысалы, көп сатылған кітаптар туралы мәліметтерді жеке кітап дүкендерінен, баспалардан жинауға болар еді, бірақ оның бәрі көп уақыт ала ма, жұмысы көп пе, сондай бір себебі болар. Нақты ештеңе айта алмаймын.
Оның үстіне бұл да әлдебір үлкен нәтиже бермейтін кезекті науқан. Ұзаса осы кітаптарды көбірек жарнамалап, көбірек шығарар, бірақ оған бола дәл осы кітаптар ең көп оқылатын кітаптар қатарына кіріп кетеді деп айта алмаймын. Әрине, бұның ішінде кем дегенде жиырмасы онсыз да жақсы оқылып жүрген кітаптар, сол жиырмасы ғана тағы оқыла берер. Дәл осы жүз кітапты ғана шығара беруден, жарнамалай беруден сапалы оқырман қалыптаса қоюы екіталай. Алайда жақсы кітаптар екеніне дау жоқ. Оның үстіне тізім ешқандай да шындыққа жанаспайды. Тек әдеби кітап таңдау керек болды ма, сондай бір оймен құрылған секілді. Және ешкімді қалдырмау керек деген бір ынта бар. Шынайы әлемнен алыс, жалған қорытынды. Әнес Сарайдың кітабының атын «Ақ тымық күн» деп қате жазған, Тұрсын Жұртбайдың «Бесігіңді түзе» кітабы да әдеби аса құнды кітаптардың бірі, мысалы. Олжас Сүлейменовтің ең танымал кітабы «АзиЯ». Мағауиннің көп оқылатын кітаптары – «Тазының өлімі», «Сары қазақ», «Қазақ тарихының әліппесі», «Мен» романдары ғой. Шындыққа жақын болу үшін бәрін жазу керек еді. Әйтеу бәрін қалдырмаймыз деген ниет болса да, шындыққа жақындатып беруге болар еді, неге бұлай жасағанын онша түсінбедім.
Қазір жас жазармандардан көп оқылып жатқан әдеби кітаптар Ұларбек Нұрғалымның «Даяғашшы», Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам», Ұларбек Дәлейдің «Жошы хан», сосын «Тармақтар» деген кітап бар, Бақытгүл Сәрмекова да жақсы өтеді, мысалы. Біздің қатардан Досхан Жылқыбай мен Әлішер Рахаттың да кітаптары шыға қалса да, қаны жерге тамбай өтіп кетеді. Осы тізімдер болмаған соң сену қиын. Жалпы тізімнің әдеби де, өмір шындығынан да алыс екенін бәрінің көзі көріп отыр. Бұл бір арнайы мақсатпен жасалған әрекет деп ойламаймын. Жалпы біздегі жалпақшешейліктің нәтижесі, анау қалып қойды, мынау қалып қойды деген секілді. Бұл тізім шындық тізімі емес, әдебиеттегі абыройлылар (авторитеттер) тізімі ғой. Өз басым осындай бір желікпе тірлік жасағанша, әлемнің ең атақты кітабынан мың кітапты қазақ тіліне аударуға қаржы бөлуі керек еді деп ойлаймын. Бірақ билігіңізге нақты істен гөрі айғай-сурен, дуылдақ керек секілді ғой», – дейді Е.Нұрахмет.
P.S. Қалай десек те, билік тарапынан осындай бастамалар мен ұмтылыстардың болғаны да жұбаныш. Біздікі тек мұндай жобалар бір науқанның аясында ғана қалмай, ары қарай жалғасын тапса, кітап оқитын ұлттың сапын қалыптастыра алса деген тілек қана.
Дайындаған Ақгүлім ЕРБОЛҚЫЗЫ