100 млн теңгелік тендер дауы: Түркістан облысының әкімдігі бір нөлден тағы шатасты ма?
Түркістан облысында ұзақтығы 3-7 минут қана болатын тарихи бейнеролик түсіру үшін бюджеттен 100 миллион теңге жұмсау жоспарланып, бұл қоғамда үлкен дау туғызды.
Облыстық Мәдениет басқармасына қарасты «Ұлы Дала Елі» орталығы аталған бейнероликке тапсырыс беріп, орындаушы ретінде G7 Exclusive ЖШС таңдалған. Ең таңғаларлығы – келісімшарт конкурс өткізілместен, тікелей жасалған. Жобаның қомақты құны әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, «бюджет қаржысын тиімсіз пайдаланды» деген сынға қалды.
Pixar деңгейіндегі талап
Қоғам наразылығынан соң даулы келісім тоқтатылды. Ресми мәліметтерге қарағанда, тапсырыс беруші мен орындаушы екіжақты келісім бойынша келісімшартты бұзған және сатып алу процесі тоқтатылған. Яғни, қоғам сыны нәтижесінде 100 млн теңгелік бейнеролик жобасы жүзеге аспай қалды.
«Жас Алаштың» тілшісі жұрт арасындағы дақпырттан соң мемлекеттік сатып алу порталындағы тендермен танысып шықты. Тендер құжаттарына қарағанда, тарихи ролик Қазақстанның ежелгі дәуірден бүгінге дейінгі тарихын түрлі көркем формалар арқылы көрсетуі тиіс. Яғни, петроглифтер мен «аң стилінен» бастап шығыс миниатюралары, ұлттық ою-өрнектер, классикалық кескіндеме мен заманауи графикаға дейінгі элементтер бір туындыда тоғысуы қажет. Бұл ауқымды көркем әрі техникалық жұмыс жоғары кәсіби анимация шеберлікті талап ететіні анық. Роликтің әрі қазақ, әрі орыс тілдерінде аудиовизуалды нұсқасын жасау жүктелген, демек екітілде толыққанды өнім шығару керек.
Сипаттамаға үңілсек, жоба авторлары бейнероликтен Голливудтың әйгілі Pixar студиясының өнімі деңгейіндегі сапаны күткендей әсер қалдырады. Себебі 3D-анимация, күрделі графика мен тартымды сюжеті бар оқиғаны 7 минутқа сыйғызу шарт. Алайда G7 Exclusive компаниясының профилі мен ресурстары мұндай халықаралықдеңгейдегімультимедиалықжобаны орындауға сай ма деген сұрақ туады. Себебі компания негізінен іс-шара ұйымдастырумен айналысқан, бұған дейін анимациялық фильм не күрделі графикалық роликтер түсіргені жөнінде мәлімет жоқ. Компанияда әлемдік деңгейдегі мультипликатор мамандардың бары не жоғы белгісіз. Яғни, талап өте жоғары болғанымен, оны орындаушының әлеуеті күмән туғызады.
Техникалық ерекшеліктерін қаржылық сметадан да байқауға болады. Мердігер дайындаған шығындар калькуляциясында ең үлкен сома 2D/3D анимацияны өндіруге бөлінген – шамамен 44,2 млн теңге. Сценарий жазу және оны тапсырыс берушімен келісіп бекітуге 12,8 млн теңге қарастырылған. Жобаның техникалық жабдықталуын қамтамасыз ету шығыны 10 млн теңге деп көрсетілген. Музыкамен сүйемелдеу мен дубляж үшін 7 млн теңге белгіленсе, жобаға қажетті техникалық құжаттамалар әзірлеуге 6,5 млн теңге жоспарланған. Тіпті бейнероликті арнайы көрсететін залдағы декорациялық шарды демонтаждау секілді қосымша жұмысқа да 3,5 млн теңге қарастырылыпты. Видеоконтенттің бастапқы концепциясын әзірлеу құны тағы 2,5 млн теңге болып тұр.

Әлемдік Netflix компаниясының Қазақстандағы жобаларында бой көрсетіп жүрген Yqylas Films продакшн продюсері Ықылас Тұрсынбектің айтуынша, барлығы сценарий мен продюсерге байланысты. Дегенмен таныстыруды ғана талап ететін роликтің сценарийіне 12 млн теңге төлеу көптеу секілді. Қазір толықметражды фильмдердің сценарийлері әдетте осындай бағаға жазылады. Алайда бұл да нақты қатып қалған баға емес.
«Әрине, 100 млн теңгеге қазір кино да түсіруге болады. Кейінгі кезде комедиялық жанрда түсіріліп жүрген, бірнеше локацияны және бірнеше актерлерді талап ететін, кино туындылардың қаржысы маркетинг бөліміне кететін бюджетті есептемегенде 100 млн теңгенің айналасында. Егер 100 млн теңгеге қысқа ролик форматында не түсіруге болады десеңіз – 50 адамдық актерлік құраммен, Nomad stunts-ты арнайы шақыртып, шайқас көріністерін беруге де болады. Егер тарихи ролик үлкен жоба болса, актерлер қатысуымен түсірілім тобы жұмыс істеген жағдайда – әрине, көп қаржы керек. Және пост продакшн, яғни, монтажға кететін қаржы да біршама болуы мүмкін. Себебі vfx, motion design, секілді қосымша мамандардың да қызметіне де аз қаражат кетпейді. Не де болса, бәрі роликтің сапасына және оның хронометражына және жүзеге асыру күрделілігіне байланысты».
Бағасын ақтай ма?
Тағы бір күмәнді жайт – 40 күнде мұндай сапалы 3D анимация жасау өте қиын. Оның үстіне G7 Exclusive компаниясы – халықаралық студия ретінде кең танылмаған. Келісімшарт 2025 жылғы 28 қарашада жасалып, жылдың соңына дейін роликті толық дайындап тапсыру мерзімі белгіленген. Яғни, шамамен 30-40 күннің ішінде тарихи-танымдық анимацияны әзірлеп шығу жоспарланған. Мұндай қысқа уақыт аралығында жоғары сапалы, идеялық-мазмұны терең әрі техникалық мінсіз туынды жасау өте қиын жұмыс. Салыстыру үшін, танымал анимациялық студиялар бірнеше минуттық мультфильмді жасауға айлар, кейде жылға жуық уақыт жұмсайды. Ал бұл жобада бір жарым айға да толмайтын уақытта сценарий жазылып, графикасы салынып, дыбысталып, екі тілде дайын өнім шығуы тиіс. Демек, мерзімнің шектен тыс тығыздығы жобаның сапасына кері әсер ететіні анық.
Бағаның қымбаттығы да бөлек әңгіме. 100 млн теңге – ұзақтығы небәрі 7 минуттық ролик үшін өте ірі сома. Әрине, тарихи-көркем контент өндіру арзан шаруа емес, бірақ дәл осындай қаржыға әлдеқайда кәсіби өнім түсірілуі қажет. Жоғарыдағы сметалық бөліністе кейбір баптар негізсіз қымбат көрінуі мүмкін. Мысалы, сценарий үшін 12 млн, музыка үшін 7 млн теңге бөлінуі – нарықтық бағалардан әлдеқайда жоғары ма, жоқ па, оны мамандар сараптамасы көрсетер.
Тендерді бірнеше мәрте ашық конкурспен өткізуге талпыныс жасалғанымен, үшеуінде де орындаушы табылмауы бұл жобаның бастапқы бағасы мен шарттарының машақатын аңғартады. Ақыры заңнамадағы мүмкіндікті пайдаланып, бір көзден тікелей шарт жасау жолы таңдалған. Дегенмен мұндай тәсіл бәсекелестікті шектеп, бағасын түсіретін балама ұсыныстардың болмауына әкелетіні белгілі. Бәсеке болмаған жерде бағаның негізсіз өсу қаупі жоғары.

G7 Exclusive қандай компания?
Даулы бейнероликті жасауға таңдалған G7 Exclusive компаниясы туралы мәліметтер де жұрттың қызығушылығын тудырды. Астана қаласында тіркелген бұл жауапкершілігі шектеулі серіктестік 2014 жылы құрылса да, соңғы екі жылда ғана белсенді жұмыс істей бастаған. Компанияның құрылтайшысы – Айдын Әбубәкірова, ал қазіргі директоры – Айгерім Жоспарова. Ресми статистика деректеріне сүйенсек, G7 Exclusive негізінен ойын-сауық шараларын ұйымдастырумен айналысатын шағын кәсіпорын.
Statsnet мәліметінше, компанияның былтырғы қаржысы 5,9 млрд теңге. Төлеген салығы 110 млн теңгеден асады. Алайда аталған компанияның қаржы айналымы 2019 жылдан бері 100 млн теңге айналасында ғана болған. Тек 2023 жылдан бастап күрт өскен. Тіпті 2022 жылы оның қаржысы 500 мың теңгеге де жетпей қалған. Компанияның осы уақытқа дейін төлеген салығы 300 млн теңгеге жуық. Компания мемлекеттен тендерлер алып отырады. Мысалы, былтыр 233 млн 981 мың теңгеге 2 келісімшарт жасасқан.
G7 Exclusive кейінгі жылдары бірқатар ірі мемлекеттік тапсырыстарды орындаған. Мысалы, 2023 жылы Маңғыстау облысы әкімдігінің туристік форумын өткізіп, оған 20 млн теңге алған. 2024 жылы Түркістан облысына президент Қ.Тоқаевтың жұмыс сапары кезінде бірқатар іс-шараларды ұйымдастыру қызметін көрсеткен – бұл келісімшарттың құны 104 млн теңге болған. Бірақ ашық дереккөздерде компанияның сенімділігінеқатыстыкүмән да айтылыпты. Мәселен, Adata мәліметтер базасы G7 Exclusive ұйымын «неблагонадежный», яғни, сенімсіз компания ретінде белгілеген. Себебі компанияның заңды мекенжайы көрсетілмеген және әлеуметтік-қызметтік аударымдар бойынша 198 мың теңге салықтық берешегі болған. Мұндай ақпараттар G7 Exclusive-тің кәсібилігі мен жауапкершілігіне деген күдік туғызған. Алайда қазіргі кезде компанияның нақты мекенжайы бар.
Бұл компанияға қатысты алғашқы дау емес
Түркістандағы даулы ролик аталған компанияға қатысты туған алғашқы дау емес, биыл Батыс Қазақстан облысының Кәсіпкерлік басқармасы 19 тамызда G7 Exclusive компаниясымен құны 387,9 млн теңге болатын келісімшарт жасағаны белгілі болды. Қаражат 2025 жылдың қараша айында Оралда өтетін, Қазақстан мен Ресей президенттері қатысатын XXI өңіраралық ынтымақтастық форумын ұйымдастыру қызметтеріне бағытталған еді. Сол кезде жергілікті БАҚ мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметке сілтеме жасап келісімшарт бір көзден алу тәсілімен, яғни, конкурс өткізбей рәсімделгенін жазды. Басқарма басшысы Нұржан Өтепбаев мұны «мемлекет басшысы қатысатын іс-шаралар кезінде заң рұқсат ететін практика» деп түсіндірген. Сонымен қатар басқарма өкілдері техникалық ерекшелік бірнеше компанияға жолданғанын, ұсыныстар сараланғаннан кейін «ең төмен баға» көрсеткен орындаушы ретінде дәл осы G7 Exclusive таңдалғанын хабарлаған.
Әкімдік не дейді?
Қоғамда туындаған даудан соң облыс әкімі Нұралхан Көшеров аталған шарттың жасалған жағдайларын жан-жақты тексеруді, соның ішінде қажетті рәсімдердің сақталуын және бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуді тапсырған.
«Жас Алаш» келісімшарт рәсімдеуге кімдер қатысты, «Ұлы Дала Елі орталығы» G7 Exclusive компаниясын орындаушы ретінде таңдағанда қандай критерийлерге сүйенді?» деген сынды бірнеше сауал жолдады, бірақ «Әкім тапсырмасымен тексеру жүруде. Соның қорытындысымен жауаптыларға шара көріледі. Бюджет қаражаты бөлінбеген» деген шолақ жауап алдық.
P.S. Шын мәнінде, елімізде күмәнді, тіпті кейде күлкілі тендерлердің өткізіліп тұратыны бар. Мысалы, 2022 жылы Қызылорда облысы Шиелі аудандық білім бөлімі мемлекеттік сатып алу сайтында лот жариялап, онда бір литр сүттің бағасын 14,5 млн деп көрсеткен. Сол сияқты Қармақшы ауданындағы №275 мектеп қызметкерлері де 1 күртені 1,5 млн теңгеге бағалағаны белгілі болған еді.
Тіпті Түркістандағы дау тудырған тендер де алғаш рет өткізілген жоқ. Тамыз айында әлеуметтік желіде Түркістан қалалық мәслихаты 30 конференц-орындықты 30 млн теңгеге сатып алмақ болған. Лотта әр орындықтың бағасы 1 млн теңгеден шығып тұрғаны әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Абырой болғанда, дауға себеп болған лоттағы қателік уақытында анықталды. Мәслихат өкілдері «техникалық құжат толтыру кезінде бір нөл артық кетіп қалғанын» түсіндіріп, күн соңына қарай бағасын қайта түзеді. Жаңартылған сметаға сәйкес, бір орындықтың бағасы 100 мың теңгеден аспауы тиіс деп көрсетілді.
Қоғамдағы дауға қарап Түркістан облысының әкімдігі тағы да бір нөлден шатасып кетті ме деген ойға қаласың...
Тұрсынбек БАШАР