Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:12, 08 Маусым 2023

100 қойдан 180 қозы алу синдромы немесе Бейсембаев пен Жақыпов мектепке барады

None
None

Биылдан бастап елімізде «Жайлы мектеп» жобасы іске қосылды.  Жарнамасы да жер жарып тұр.

2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асатын бұл жоба аясында 842 мың баланы қамтитын 400-ден астам заманауи мектеп салынбақ. Мемлекет аталмыш жобаға 2,6 триллион теңге бөлмек, одан бөлек мектептер құрылысына жеке инвесторлар мен меценаттардан да қаражат тартылмақ.  Елдегі жемқорлардан тартып алынған қаражат та жайлы мектеп құрылысына бағытталады... 

Премьер-министр Әлихан Смайылов қырық жылдан бері айтылып, әне-міне көзі құриды деп келе жатқан үш ауысымды мектеп мәселесін жемқорлардың есебінен шешу туралы да ойластырып қойыпты: «Апатты мектептер мен үш ауысымды оқу проблемасын шешу үшін қосымша мектептер салынады. Осы мақсатта коррупционерлерден тартып алынған 120 миллиард теңге мектеп салуға жұмсалады. Әкімдіктер бұдан қаражат бөлгізу үшін Оқу-ағарту министрлігіне тиісті өтінім беруі керек», деді.

          Жоспар бойынша  биылғы  жылы өңірлер жалпы саны 221 заманауи мектеп салуға кірісуі қажет. Өңірлердің әкімдіктері құрылысты уақытылы бастап, салынып жатқан нысандардың сапасын бақылауға жауапты.

Өз кезегінде Астананың әкімі Жеңіс Қасымбек биыл жаңа оқу жылына 13 мектеп салуды жоспарлап отырғанын, Қызылорда облысының әкімі Нәлібаев 21 мектептің құрылысы жүргізілетінін, шығыстың әкімі Ахметов 15 мектеп салынатынын жарыса жария етіп жатыр. Басқа облыс әкімдері де жобаға қатысамыз деп алақандарын ысқылап, белсеніп отыр. Алайда үкімет пен әкімдер қанша тыраштанса да, екі жылдың ішінде 400-ден астам жайлы мектеп салу мүмкін емес дейтіндер де бар.

 Мектептердің жобалау-сметалық құжатын сапалы әзірлеу, тендерге қатысу, тендер сараптамасынан өту, әр аймақтың климаттық жағдайын есепке алу, құрылыс материалдарының тоқсан сайын қымбаттап жатқанын ескеру керектігін айтқан мамандар «Жайлы мектеп» жобасы кезіндегі «100 мектеп 100 аурухананың» кебін кимесін деп те күмәнданады.

Еске салсақ, 2009-2010 жылдары үкімет 100 мектеп жобасы аясында жоспарды асыра орындап, 259 мектеп салуды жоспарлаған. Бірақ 2009 жылы 48 жаңа мектеп 2010 жылы 58 білім беру ошағы пайдалануға берілді. Кәрім Мәсімов премьер болған тұста қолға алынған бұл жобаға тек 2009 жылы 25 млрд 394 млн теңге көлемінде нысаналы трансферттер аударылды. Құрылыс-монтажтау жұмыстарының баяу атқарылуы, сондай-ақ құрылыстың сметалық құнының ұлғаюына байланысты осы қаражаттың  1 млрд 732 млн теңгесі игерілмей қалғаны да айтылды. Сол жылдары еліміздің экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі аталмыш жоба аясында бюджеттен  1,5 млрд теңгенің ұрлағанын да айтты. Бұл жобаның қаражаты толыққанды ел игілігіне жұмсалды деп айта алмаймыз. Тіпті сол жылдардан бастау алған жобаның жыры күні бүгінге дейін бітер емес. 100 мектеп жобасы аясында салынған мектептердің сапасыздығы, қабырғаларының қақырап жатқандығы, ол мектептерде қыстыгүні балалардың бүрсеңдеп отыратыны, мектептердің жылымайтыны күні бүгінге дейін айтылып жүр.

          Экономика ғылымының докторы, профессор Жұмаділда Баяхметов «Жайлы мектеп» жобасының операторлары 100 мектеп аясында кеткен кемшіліктерді ескеру керектігін айтты. Оның пікірінше, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының бірыңғай операторы Samruk-Kazyna Construction әрбір қаражатты қызғыштай қорып, тендерге қатысатын әр компанияға талапты күшейту керек.

          Дегенмен «Жайлы мектеп» жобасының құрылыс және жобалау жұмыстарын сатып алуға қатысқан компаниялар тап болған мәселелер әлден жетерілік. Сенатор Жанболат Жөргенбаев тендерлік құжаттардағы талаптар тек ірі бизнеске бағытталғанын айтып қалды. Конкурсқа қатысатын жергілікті орта кәсіпкерлік өкілдері жобадан тыс қалады дейді ол.

«Талаптарға сәйкес, конкурстық комиссия әлеуетті жеткізушіге соңғы 5 жыл ішінде жыл сайын кемінде 500 млн теңге төленген салық сомасына шартты жеңілдік береді. Бұл талап республика көлемінде тек 4-5 ұйым үшін ғана қолжетімді болып отыр. Сондықтан да аталған талаптар белгілі бір заңды тұлғалардың пайдасына «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруды монополиялауға, жобаға қатысуға ниетті басқа да «әлеуетті жеткізушілердің» аясын қысқартуға себеп болып отыр», – дейді сенатор.

  Тәуелсіз архитектор, Нұржан Қасымжан да мәселе осы жерден басталады дейді. 

«Іс жүзінде ірі «жеңімпаз компания» негізгі жұмыс көлемін орындау үшін қосалқы мердігерлік жұмыстарға әлдеқайда аз сомаға шағын және орта бизнес өкілдерін тартады. Жұмыс сапасының төмендігі және құрылыс мерзімдерінің бұзылу қаупі соның нәтижесінде орын алады. Сондықтан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының бірыңғай операторы Samruk-Kazyna Construction тендерді орта бизнес өкілдеріне ешқандай делдалсыз тікелей беру жағын ойластырғаны жөн. Ірі мердігерлердің көксейтіні мол ақша, өздері алатынын алып, өңештерінен өткізеді де, қосалқы мердігерге тиын-тебен беріп, жұмысты талап етеді», – дейді Нұржан Қасымжан.

Маманның ойынша, үкімет жоба аясында орта бизнес үшін тендердегі кедергілерді жойып, тең мүмкіндіктерді қамтамасыз еткені жөн. «Негізгі мердігер» және «қосалқы мердігердің» міндеттемесі мен жауапкершілігін белгілесе тіптен жақсы. Бұдан бөлек, архитектор-маман мысал еткендей, құрылыс алпауыттары қосалқы мердігерлікті тегін де бермейді екен: одан 8-10 пайыз сыйақысын алып қояды.

«Есептесек, ірі бизнес өкілдері әрбір мектептен орта есеппен 24 млн теңгені жай ғана алады. Бұл сомаға ол мектептерге қаншама қосымша жиһаз бен керек-жарақ сатып алуға болатын еді. Осы жағын ескеру керек. Ірі бизнес өкілдері қосалқы мердігерлерге жұмыс беретін кезде «шапкасын» алып қалады.  Демек, бұл арада жоба тағы сол ірі құрылыс олигархтарына «жайлы өмір сыйлайды» деген сөз», – дейді маман.   

Бұдан бөлек архитектор үкіметтің екі жылда 400 мектеп салу жоспарын Кеңестік замандағы 100 қойдан 150-200 бас қозы алдық деген есеп беретін науқаншылдардың қылығына қатты ұқсайтынын мысал етті. Әр мектеп географиялық орналасуына қарай ерекшеленеді. Тік төрт бұрышты, сопақ, яғни әртүрлі алаңдар болады. Тиісінше, нақты бір мектепке арналған жоба басқасына жарамауы мүмкін.

          «Бүгінде мектептердің қайсыбірінің эскиздік жобасында жертөле де жоқ екенін байқадық. Сонда олар коммуникацияны қайда орналастырады? Эскиздік жобалардың нормативтік құжаттамаларға сәйкес келмеуі де көп уақытты алады. Осының барлығын есепке алсақ, екі жылда  400-ден аса мектеп саламыз деу асыра сілтеу. Жоспар қағаз жүзінде орындалар, бірақ іс жүзінде орындау қиын», – дейді Нұржан Қасымжан. 

Ал Оқу-ағарту министрлігінің бізге берген ресми мәліметіне сүйенсек, нысандарды салу кезінде құрылыс барысын бақылаудың ақпараттық жүйесі, құрылыс жұмыстарын бақылау мақсатында фото және бейнетрансляция функциясы бар интерактивті карта іске қосылатын болады. Сұрақтар мен мәселелерді осы ақпараттық жүйе арқылы анықтап, дер кезінде шешуге мүмкіндік бар. Қандай да бір заң бұзушылықтар анықталған жағдайда, мәселелер қолданыстағы заң шеңберінде шешілетін болады.

  «Ұлттық жобаның маңыздылығы мен ауқымдылығын ескере отырып оны іске асыруға ұлттық экономика, қаржы, индустрия және инфрақұрылымдық даму, білім, цифрлық даму министрліктері, «Самұрық-Қазына» қоры, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ 20 өңір әкімдіктері жауапты болып белгіленген», – дейді Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі. 

Осылайша жобаны үйлестіру, мониторингілеу және әдіснамалық сүйемелдеу  Оқу-ағарту министрлігінің құзыретінде болса, конкурс рәсімдерін өткізу, жобалау, құрылыс жұмыстарын жүргізу, техникалық қадағалау, жарақтандыру, мектептерді уақытылы пайдалануға беру сияқты бағыттар Samruk-Kazyna Construction АҚ-на тиесілі. Ал мектептерді уақытылы іске қосу және олардың жобалық қуатынан төмен емес көлемде оқушылардың толтырылуын қамтамасыз ету сұрақтары жергілікті атқарушы органның құзыретіне жатады.

Қалай десек те «Жайлы мектеп» салу заман талабы. Әсіресе ауылдық жерлер жаңа мектепке зәру. Бүгінде Кеңестік дәуірден қалған білім ордасы  апатты деп танылып, келесі ауылға барып оқып жүрген оқушылар жетерлік. Тіпті ауыл әкімінің кабинетін паналап оқып жүрген балалар да бар.  Өткенде біз бұған қатысты: Батыс Қазақстан облысындағы Тасқала ауданы Амангелді ауылының мектеп оқушылары ауыл әкімінің кабинетінде білім алуға мәжбүр деп жаздық. Тіпті әкімнің кабинетіне сыймаған балалар сабақты ауылдың мәдениет үйінің сахнасында да оқып жүр.  Күні кеше ғана мәжіліс депутаттары тағы сол Батыс Қазақстанда Орда деген ауылда оқушылардың қонақ үйде оқып білім алып жүргенін мәжілісте көтерді. Бұдан бөлек, Алматы облысы Қарасай ауданында мемлекеттің қаражатына күрделі жөндеуден өткізіп алып, артынша 200 бала оқитын мектепті 15 млн теңгеге сатып жібергені туралы әңгіме де біраз дауға арқау болды.

Мектептерге қатысты министрлік берген ақпаратқа сүйенсек, биылғы оқу жылының қорытындысына сәйкес республика бойынша 3 ауысымда оқитын мектептердің саны 143 ұйымды, апатты жағдайдағы – 65 мектепті құрайды. Оған қоса елде саманнан салынған және тозығы жеткен мектептер де бар. Елдегі 177 мектептің пайдалану мерзімі 70 жылдан асып кеткен.

     Тәуелсіздік алғалы бері біздегі ең көп реформаланған саланың бірі білім саласы. Бұл саланы басқарған министрлердің санынан жаңылатын болдық. Осы салаға келген әр министр жаңа реформа тарихында жеке-дара із қалдырғысы келетіндей көрінеді. Кезінде тоқсаныншы жылдары білім саласын ТМД бойынша озық ету Школьниктің қиялы еді, одан соң Аймағамбетовтің пиары жақсы болды. Енді жұрт Ғани Бейсембаевқа «бұл не бүлдірер екен?» деп үрке қарайтындай. Бұл министр де «Жайлы мектеп» жобасы, мұғалімдерді аттестаттау жүйесі, білім сапасын арттыру жайлы жиі айтады. Бір реформаның таяп келе жатқаны анық...

Тегтер: