Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:09, 02 Шілде 2020

COVID-19: билік бұл індеттен халықты құтқара ала ма?

                                                                                                           

      Қазақстан билігі 3 маусымнан бері коронавирус жұқтырғандарды ауру белгілерінің бар-жоғына қарай «ауырғандар» және «тасымалдаушылар» деп, екі бөліп санақ жүргізе бастады.

 Негізгі статистикаға тек «ауырғандар» қосылып жатыр. Ал осы екі аралықты бөліп-жармай санағанда вирус жұқтырғандардың жалпы саны 40 мыңға жетті. Оның 13 мыңға жуығы жазылып, 188-і қайтыс болды. Елдегі бұл  жағдайды президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз әртүрлі ережелер қолданатын соғыс жағдайындамыз. Бұл фестивальдер мен форумдар өткізу емес. Шынында, бізге қазір менеджменттің мүлдем басқа стилі қажет», – деп бағалады.

                                       Вирус және минус

      Айтса айтқандай, қазір қоғам шынымен де дүрлігіп кетті. Расымен,  мылтықсыз майдан жүріп жатқандай, абдыраған ел кімнен, неден сауға сұрарын білмей сандалуда. Ал осы арада жұмысты үйлестіруі тиіс үкіметтің көзге сызып көрсетер «минусы» да жетіп-артылады. Қазір мамандардың дені «Мамин үкіметі, президент айтып отырғандай, менеджменттің жаңа стилін қалыптастыра алмады» деген сыни пікірлерді ашып айтуда.

     Өз тарапымыздан мұндай ойларды біз де қуаттай аламыз.  Бұлай нақты айта алуымызға бірнеше себеп те бар. Мысалы, қазір тәжтажал елдегі ірі  қалаларды қойып, алыстағы, шалғайда жатқан ауылдарға да әлдеқашан еніп алды. Халық көп шоғырланған ірі қалалардағы жағдай тіптен сорақы. Еліміздің үлкен қалаларында қазір халыққа қажетті қарапайым дәрілердің өзі жоқ. Халықтың басым бөлігі дәріханаларда сағаттап кезекке тұрып, тіпті түнгі сағат үштен бастап орталық дәріханалардың есігін күзетіп, дәрі-дәрмек таппай жүргені. Ауруханаларда орын жоқ. Індетті анықтайтын тест жеткіліксіз. Сараптама жасайтын зертханалар жүктемені көтере алмай жатыр. Өкпені жасанды тыныс алдыратын аппараттардың тапшылығы елді тіпті үрейлендіруде. Бір сөзбен айтқанда, тәжтажал біздегі бірқатар саланың бетпердесін сыпырып тастады. Мұны коронавирусқа қарсы қауіпсіздік кеңесінің жиынында 29 маусым күні президент Тоқаевтың өзі де баса айтты. Бұған қатысты Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бастапқы кезеңде бұл жұмыстар жақсы ұйымдастырылды. Бірақ мемлекеттік органдар соңғы кезде бұл істі босаңсытып жіберді. Бірыңғай нақты ақпараттар дерегі жоқ. Індетке қарсы күресте жауапты шенеуніктер теріс ақпарат беріп, халықты одан әрі адастырады. Ең жаманы осы. Әкімдер мен министрлер қарапайым халықпен байланыс орнатуды қойды. Олардың арыз-шағымдарына дер кезінде жауап бермейді. Сондықтан тұрғындардың көпшілігі қайда барарын білмей торығуда», – деді. Осылай деген президент бірқатар әкімдер мен министрлерге сөгіс жариялады.

     Президент коронавирусқа қарсы тұруға қатысты берілген тапсырмалардың дұрыс орындалмағанын, кемшіліктердің көп екенін айта келе, мемлекеттік комиссияға елді қиындықтан алып шығу үшін арнайы ұсыныстар әзірлеуді, ал сөгіс алғандарға кемшіліктерін түзеуді тапсырды. Рас, сөгіс алғандар кемшілігін түзетуге тырысар, ұсыныстар әзірленер, бірақ ендігі қадам қандай болуы керек? Халыққа да тиімді, билікке де ұтымды жол қайсы?!

                         Ендігі карантиннен пайда бар ма?  

      Сала мамандарының болжамынша,  алдағы уақытта елде індет барысы үш сценарий бойынша өрбиді.Бірінші сценарий – карантинсіз тамыз айының соңына қарай ауруханаға жатқызуды талап ететін коронавирус жұқтырған 27 мың науқас тіркеледі. Инфекциялық және провизорлық төсекке деген қажеттілік 300 мың адамға жетеді деп бағалануда.  Екінші сценарий – екі апталық ұлттық карантин енгізу. Күніне ауруханаға жатқызуды қажет ететін 7000 науқас тіркеледі. Тамыз айының соңында төсек-орын қажеттілігі 80 мыңды құрайды. Үшінші сценарий – төрт апталық карантин енгізу. Нәтижесінде тамыз айының соңында ауруханаға жатқызуды талап ететін күніне 2500 науқас тіркеледі және төсек қажеттілігі 30 мыңға дейін өседі. Бұл – денсаулық саласына келген су жаңа министр Алексей Цойдың болжамы.

      Цой мырза осылай дегенімен, халықтың жай-жапсарына қанық әлеуметтанушы мамандар ендігі карантиннің халыққа пайдасы болмайтынын ашық айтып отыр. Бұған қатысты әлеуметтанушы Қаламқас Шырахметова: «Халықты қазір карантинге қамаудың өзі қауіпті. Көктемде екі ай карантинде отырғанда халық қатты қиналды. «Ашпыз, тамаққа қаражатымыз жоқ» деп, көмек сұрағандардың қарасы көбейді. Ал қазір қымбатшылық  дендеп тұр. Дәрі-дәрмек, азық-түлік, халыққа қажетті өнімдердің барлығы екі есеге қымбаттап кетті. Ауылдан қалаға қатынап жұмыс істейтін елге тіптен қиын болады. Шағын және орта бизнес өкілдерінің біразы жұмысшыларының санын қысқартып жатыр. Кіріс жоқ, шекара жабық болғандықтан, базар жағалағандардың да табысы азайды. Болашақта халық «нан таппай қалмаймыз ба» деп қорқып отыр. Ал мұндай жағдайда елді қайтадан карантинге жабу, табысынан айыру әлеуметтік наразылықты қоздырып жіберуі мүмкін», – дейді.

     Маманның пайымынша, қазіргі жағдайда бір-біріне көмектесіп, жоқ дәрісін бір қаладан екінші қалаға жеткізіп беріп, қиналғанда қол ұшын созуы үшін де ел арасын ашып қою маңызды болмақ.

     – Кеше ғана Тараздан бір танысымыз хабарласты. Індет жұқтырған бауырына дәріні Тараздан таппаған. Біз Алматыдан сағаттап іздеп тауып, ол дәріні Таразға беріп жібердік. Менің басымдағы жағдай ғана емес, бұл бірнеше адамның басында бар дүние. Сондықтан адамдар қазір осылай біріне-бірі өздері көмектесе бастады. Меніңше, мемлекеттің ендігі міндеті блок-бекеттер орнатып, жағдайды сырттан бақылап қойып отыру емес, елге қажетті дәрі-дәрмек жеткізуді шұғыл қолға алу керек. Халықты дәрімен жабдықтаудың барлық мүмкіндіктерін қарастыру керек. Ірі қалалардың өзінде осындай болып жатыр. Ал алыстағы ауылдағы ағайынды қайтеміз? Олар ауырса тіпті шалғай ауылдарда нақты сараптама алатын құралдар да жоқ, сонда елді «аты белгісіз аурудан өлді» деп көме береміз бе? Сондықтан карантиннен енді пайда жоқ, мемлекет пайдасын тигіземін десе,  халыққа дәрі жеткізу, толыққанды медициналық қызмет көрсетуді қолға алуы керек, – дейді әлеуметтанушы Қаламқас Шырахметова.

                     Халық өз жарасын өзі емдеп жүр

      Жалпы, бүгінгі ахуалға қатысты бірқатар мәселені тізіп, ашынған мамандар қазір, ең бастысы, халыққа базынасын еститін мемлекет керек екенін ашып айтты. Бұған қатысты медицина ғылымының кандидатыҚайырғали КӨНЕЕВ былай дейді:

    – Денсаулық сақтау министрлігі қазір түк бітіріп жатқан жоқ деп айта аламын. Олар елдің жайын естімейді. Дәріханаларда қарапайым парацетомолдың болмай қалуы, өте арзан тұратын С дәруменінің жоқтығы нағыз масқара (!). Халықты қарапайым дәрінің өзімен қамтамасыз ете алмай отырмыз. Коронавирусқа тест тапсыру құны 9500-20 мың теңгенің аралығында. КТ түсіру құны да аспандап тұр. Мұндай жағдайда халық барлық медициналық көмекпен тегін қамтылуы қажет.  Елдің қалтасына түскенді қою керек. Халықтың  жағдайына кіріп, мұң-мұқтажын есту керек.

Рас, ПТР тест тапсырудың тым қымбаттығын, оны қарапайым халықтың қалтасы көтермейтінін, компьютерлік томография бағасының да аспандап кеткенін, бұған бақылаудың қажеттігін, медицинадағы марғаулықты біз бұған дейін де бірнеше мәрте жаздық.  Жалпы, Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасына басшы болып  Камалжан Надыров келгенде де, «өзінің басынан өтті ғой, бұл дерттің қандай екенін сезінді, сондықтан біраз іс тындырар» деп, осы ұсыныстарды қайта-қайта  шегелеген мамандар да болды.  Бірақ әзірге Камалжан мырза кемеліне келтіріп іс тындыра қоймады. Ел дәрі таппай қала кезіп сенделгенде, Надыровтың халыққа айтқаны «дәріханаларға жүгіріп, орынсыз дәрі ішіп, өз-өздеріңізді емдеумен айналыса бермеңіздер» деген сөз болды. Ал  жаны қысылған халық өз жарасын өзі емдемегенде, кім емдейді? Дәрі ішіп ауруын баспаса, қажетті дәрісін таппаса, халық енді өзін-өзі өлтіріп қойып отыра бере ме?

      Бұл ретте, фармацевтика ғылымының докторы, профессорКеңес ҮШБАЕВ өз ойын былай деп түйіндеді:

    – Қазір жағдай өте қиын болып тұр. Себебі вирус тым тереңдеп кетті. Ауру дендеп тұр. Халық өзінің жеке басын өзі сақтауға барын салып, әркімнен естіген емін бір қолданып кетті. Аңғарғанға бұл өте қауіпті. Бірақ басқа амал жоқ болып тұрғанын да мойындау керек. Өйткені біздің медицина мұндай індетпен бетпе-бет келіп көрген жоқ. Дәрігерлердің тәжірибесі өте аз, дайындықтары төмен. Ендігі кезекте халық бұл қиындықтан өзін-өзі ғана алып шыға алады. Сондықтан енді халық өзіне-өзі сенуі керек, өзін-өзі сақтауы керек. Мұндай ауыр індеттен елді мемлекет алып шығады деп, 100 пайыз кепілдік беріп ешкім айта алмайды. Амал жоқ, халық өзіне сенуі керек. Ал үкімет сол халыққа барынша көмектесуі тиіс. Сауатты шаралар қабылдап, елдің қиындығын жеңілдетуге күш салынуы керек.  

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Тегтер: