«Жалқауға ғана жұмыс жоқ»

Сапалы жұмыс Аралдың ажарын кіргізді
Арал ауданының әкімі Мұхтар Әуесұлымен болған сұхбатымызда ә дегеннен өңірдің өткір мәселелері тілге тиек етілді.
Атқарушы биліктің төменгі буындарында ысылып, тәжірибе жинақтаған аудан әкімінің бюджеттің қатпар-қатпар түйткілдерінен, оның ішінде жергілікті бюджеттің сыр-сипатынан жақсы хабардар екені, оларды талдау сүзгісінен өткізе алатыны айқын сезіліп қалды. Әңгіме барысында жергілікті бюджеттің табыс көзін алдын ала болжағанда кейбір түсімдердің асығыс жоспарланғанын, бірақ соған қарамастан, өзінің ішкі мүмкіндіктерін әбден елеп-екшеудің нәтижесінде бұл тұйықтан шығудың жолы табылғаны туралы да айтылды. Бұл – біздің пайымдауымызша, үлкен тәжірибенің, тынымсыз еңбектің, жан-жақты білімнің арқасында атқарылған үлкен жұмыстың жемісі.
Мұхтар Оразбаев кезінде өзі бастап, кейін қаржыландырылуы кешіккен жобалардың жобалық-сметалық құжаттарын қайта пысықтап, Астанада атқарылған қыруар жұмыстың нәтижесінде ауданның бірнеше елді мекенін ауызсумен қамтамасыз етудің сәтті жүзеге асырылғанын қанағаттанарлық сезіммен баяндады.
Экономикада ішкі тұтыну мөлшері деген ұғым бар. Ол ең алдымен мемлекеттің қаржылық қолдауы мен сол өңірдегі бюджеттің мүмкіндігіне орай, халықтың сатып алу қабілетінің артуымен жүзеге асатын тірлік. Әңгімеміздің басында айтқан ел тұрмысындағы оң өзгерістер өңірдегі сол ішкі тұтыну көрсеткішінің игі жемісі. Ал аудан бюджеті соңғы бір жарым жыл көлемінде бұрын-соңды болмаған көрсеткіш – 13 млрд теңгені құрады. Аудан әкімі әңгіме арасында әр уақытта бюджет қаржысына ғана арқа сүйей бермей, бүгінде республикаға белгілі аудан кәсіпкерлерінің қолдауына да үміт артқанын, олардың көмегімен өңірге 100 млн теңгеге жуық инвестиция тартылғанын жасырмады.
– «Туған жерге тағзым» атты акция аясында атқарылған игі істер бірлігімізді бекемдеп, тарихымызды түгендеуге, санамызды сілкінтіп, өткенімізді талдап-таразылауға айтарлықтай ықпал етті. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын табады, – дейді бұл тұрғыда атқарылған қыруар жұмыстың мазмұнын қысқа тұжырымдаған Мұхтар Әуесұлы. Ендігі кезекте аудан басшысы өңірдегі тыныс-тіршілікті былайша сабақтады.
Қайта түлеген Кіші Арал
Мемлекет басшысының «Мен Аралға көмектессем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын» деген сөзінен қуат алған аралдықтардың әр таңнан күтер үміті зор. Әлемдегі санаулы кереметтер қатарына енген «Көкарал» бөгеті салынғаннан бері Кіші Арал теңізінің екінші тынысы ашылды. Қайраңда қалған қайықтар айдын бетін қайта шиырлап, 90-жылдардың басында атакәсіптен қол үзген балықшыларға негізгі кәсібімен белсене айналысуына мол мүмкіндік жасалды. Жақында облыс әкімінің бастамасымен, Біріккен Ұлттар Ұйымы «Даму» бағдарламасының қолдауымен Арал өңірін өркендетуге бағытталған «Арал достары» атты халықаралық экономикалық симпозиум өткізіліп, оған тиісті министрліктердің өкілдері, жаһандық деңгейдегі қауымдастықтар мен қаржылық ұйым мүшелері қатысты. Биыл Аралды құтқару жөніндегі халықаралық қорға 25 жыл толды. Қордың кенезесі кепкен теңізді қалпына келтіру үшін жасаған жұмыстары өлшеусіз.
Шаруалар да қарап отырған жоқ
Жергілікті тұрғындардың «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары негізінде мал басын асылдандыруға ынта танытқаны қуантады. Нәтижесінде өткен жылы аграрлық саланың барлық бағытында өсім байқалып, 2016 жылмен салыстырғанда жалпы өнім көлемі 5,7 пайызға артты. Яғни екі жылдан бері мүйізді ірі қара – 7,1, жылқы – 11,5, түйе – 13,9 және уақ мал 2,2 пайызға өсіп отыр.
Арал ауданының экономикасын дамытуға негізделген жол картасы да дайындалған-ды. Соның аясында көптеген жұмыстар атқарылды. Бастысы, ауданға тартылған инвестиция 8,8 млрд теңгені құрап, апаттық жағдайдағы жеті мектеп жөндеуден өткізіліп, ел игілігіне тапсырылды. Бұдан бөлек, аудандық орталық аурухананың іргесі қаланып, биыл аяқтау жоспарланса, өрт сөндіру депосы пайдалануға берілді. Тіршілік нәріне баланған таза ауызсу құбырларын тарту да қарқынды жүргізіліп, бірқатар елді мекендер сапалы суды тұтынуда. Мұндай игілігі мол жұмыс биыл да жалғасын таппақ. Индустриялық-инновациялық дамуға серпін беріліп, өңірлік кәсіпкерлікті қолдау үшін ауданда 7 млрд теңгенің сегіз жобасы енгізілді. Күн санап кемелденген аудан орталығынан индустриялық аймақ ашылып, жер телімі рәсімделді. Қазіргі таңда ол жерден екі жоба іске қосылып, енді біреуінің құрылысын қолға алу жоспарлануда. Шағын және орта бизнесті дамыту барысы да назардан тыс қалмады. Нақты айтқанда, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде жұмыс жасалып, 244,6 млн теңгенің 12 жобасы субсидияланып, тағы 14 жоба қайтарымсыз грантқа иелік етті.
— Рас, бүгінгі қоғамда жалқауға ғана жұмыс жоқ. Әрбір адам масылдыққа бой үйретпей, кәсіп етемін десе, үкімет тарапынан бар жағдай жасалуда. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» жоғарыдағы сөзімізге дәлел. Жыл көлемінде аудан кәсіпкерлеріне 799,5 млн теңге несие беріліп, тіркелген шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 110,3 пайызға артты. «Елің байысын десең, жол сал» деген тәмсіл бар. Аудан аумағынан өтетін Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізі бойында төрт жол сервистік нысан қызмет көрсетуде. Бұдан бөлек, Арал қаласынан жеке кәсіпкер Ж.Исаев жаңа автобекетті іске қосып, жолаушылар облыс, қалааралық бағытта жолға шығуда. Ал Б.Жандәулетов «Ер-ай» сауда орталығын ашып, тұтынушыларға қызмет көрсетуде, – дейді Мұхтар Әуесұлы.
Өткен жылы Сазды, Райым-Водокачка елді мекендеріне кіреберіс автокөлік жолдары салынып, «Арал–Әуежай–Жалаңаш» жолын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Қызылжар елді мекеніне кіреберіс жол да назардан тыс қалмады. Аудандағы жолаушылар тасымалына қолайлы жағдай жасалып, Самара–Шымкент–Қамыстыбас–Аманөткел–Бөген автомобиль жолы орташа жөндеуден өткізілді. Арал қаласындағы көптен жөндеу көрмеген Баймұратов, Сәрсенов, Сапақ би, Космонавт, Терешкова, Қаюпов көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жасалды. Жақсықылыш–Тоқабай–Абай, Ақлақ–Қаратерең, Қосжар, Аманөткел, Қамыстыбас елді мекендеріне баратын жолдар мен Хан елді мекені тұсындағы қалқымалы көпір жөнделді.