11 қыркүйектегі теракті бойынша соттың қашан өтетіні белгілі болды

31.08.2019, 20:00

28

2001 жылы 11 қыркүйекте АҚШ-та болған террорлық шабуылды ұйымдастыру ісі бойынша алғашқы сот процесі 2021 жылы 11 қаңтарда өтеді. Бұл іс бойынша негізгі бес айыпталушы бар. Басты айыпталушы — Халид Шейх Мұхаммед.

18 жыл бұрын қыркүйек айында болған терактілерде содырлар төрт жолаушылар ұшағын айдап әкетіп, екеуін Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығының ғимаратына, үшіншісін Пентагонға апарып соққан. Ал төртінші ұшақтағы жолаушылар терроршыларға қарсылық көрсетіп, ұшақ Пенсильвания штаты аумағына құлаған. Террорлық актілерден барлығы үш мыңға тарта адам қаза тапқан.

Осы шабуылдың салдарынан Манхэттендегі 110 қабаттық екі егіз ғимарат құлаған. Пентагон ғимаратының бір бөлігі қираған. 11 қыркүйек күнгі теракт АҚШ-ты сыртқы саясатының бағытын қайта қарап, радикалды терроризммен күреске қомақты қаржы бөлуге итермеледі.

Шабуылды ұйымдастырды деп айыпталып отырған Халид Шейх Мұхаммед және оның төрт сыбайласына әскери қылмыс бойынша айып тағылған. Мұндай ауыр бап бойынша өлім жазасы қарастырылған.

Айыптау тарабының болжамынша, олар террорлық шабуылдың жоспарын жасап, Boeing ұшағын басып алып, Нью-Йорк пен Вашингтон орталығындағы ғимаратқа соққан 19 адамға материалдық көмек көрсеткен.

Бұл іс бойынша бұған дейін ондаған сотқа дейінгі тыңдау өткен. Адвокаттар әдетте бірнеше күнге созылатын тыңдауларға қатысу үшін Гуантанамоға ұшып барып, қатынап жүрген.

Қыркүйек айында да бұл іс бойынша тыңдаулар өтпек. Онда айыпталушылардың адвокаттары 2006 жылы ФБР агенттері алған сұрақ-жауаптың нәтижесін жарамсыз деп тануға күш салмақ. Адвокаттардың айтуынша, ол кезде айыпталушылардан жауап алу үшін қатаң әдістер қолданылған. Бес айыпталушының барлығы да Пәкістанда 2002 және 2003 жылдары ұсталған.

Сот қаулысына қарамастан кейбір заңгерлер алдын ала атқарылатын шаруалар көп болғандықтан алғашқы сот процесін 2021 жылы қаңтар айында бастап үлгермейміз деп санады. Айыпталушылардың адвокаттары бұған дейін Гуантанамодағы әскери база ірі сот процесін өткізуге жарамайды деп айтқан.

Шілде айында Wall Street Journal басылымы басты айыпталушы Сауд Арабиясының терактіге қатысы бары туралы ақпаратты растауға дайын екенін хабарлаған. Есесіне ол АҚШ-тан өзін өлім жазасына кеспеуді сұраған.

Джордж Буш президент болып тұрған тұста Гуантанамо түрмесіне жіберілген 800 адамның қазір 40-ы түрмеде қалған. Маусым айында АҚШ-тың жоғарғы соты Гуантанамо түрмесінде ресми түрде айып тағылмай, 17 жылдан астам отырып шыққан йемендік тұтқынның шағымын қайта қараудан бас тартқан.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Мұғалімдер vs Кітапханашылар: Аймағамбетов кім жағына шығады?
    01.12.2020, 10:11
  • «Утемисов», «Датулы», «Клышев» көшелерінде тұрамыз
    30.11.2020, 14:35
  • "ХҚКО-ның санитарлық тораптарында «жағдай» айтарлықтай мәз емес"
    30.11.2020, 13:59
  • COVID-19: қай өңірлердің "қызыл аймаққа" енгені белгілі болды
    30.11.2020, 13:04
  • Көлік қаққан балалардың құқы аяқ асты таптала бере ме?! (видео)
    29.11.2020, 10:26