110 мың теңгенің өзін проблема жасап отырмыз
Үкіметтің түсіндіруінше, ең төменгі жалақыны күрт өсіру экономикалық тепе-теңдікке кері әсер етуі мүмкін. Себебі кәсіпорындар мен шағын бизнес иелері еңбекақыны көбейтуге мәжбүр болады, бұл өз кезегінде тауар мен қызмет бағасының өсуіне алып келеді. Яғни, жалақы өскенмен, инфляцияның да күшею қаупі бар.
Мұндай жағдайда халықтың нақты табысы артпай, керісінше, қымбатшылық әсерінен табыс құнсыздануы мүмкін. Ең төменгі жалақы мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік сала қызметкерлерінің табысына тікелей әсер етеді. Егер ең төменгі жалақы 110 мың теңгеге көтерілсе, мұғалімдерден бастап, техникалық қызметкерлерге дейін барлығының еңбекақысы қайта есептелуі керек болады. Бұл қадам бюджетке шамамен 700-800 млрд теңге қосымша шығын түсіреді. Қазір мемлекеттік қазына мұндай жүктемеге әзір емес.
Орташа жалақыны «жоғары табысты» аз топ алатындықтан оны жыл сайын көтереді. Ал ЕТЖ мемлекеттің «базалық әлеуметтік көрсеткіші». Ең төменгі жалақы тек экономикалық емес, мемлекеттік шешіммен белгіленетін әлеуметтік норма. Ол зейнетақы, жәрдемақы, айыппұл, салық есептеу сияқты көптеген жүйеге байланысты. Сондықтан оны өзгерту – бүкіл бюджеттік және экономикалық есептерді қайта қарауды қажет етеді. Үкімет сол себепті оны баяу өсіреді. Қазір сол себепті де ең төменгі жалақыны көтеру туралы шешім қабылданбай отыр. Бұдан соң ең төменгі жалақы еңбек өнімділігіне сай келуі керек. Егер өнімділік төмен болып, жалақы шамадан тыс өссе, бұл бизнеске қысым жасайды. Мұндай жағдай жұмыс орындарының қысқаруына да әкелуі ықтимал.
Енді білесіз, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2026 жылдан бастап ең төменгі жалақыны есептеу әдісін өзгертеміз деп жүр. Жаңа тәсіл бойынша ең төменгі жалақы елдегі медиандық жалақының 45-50 пайызы шамасында белгіленбек. Биыл қанша болғаны жылдың аяғында белгілі болады. Егер бұл әдіс қабылданса, 2026 жылы ең төменгі жалақы өсуі керек (осы айдың басында медиандық жалақы 317 512 теңгеге жетті – ред.). Бірақ үкімет келесі жылы да ең төменгі жалақыны өсіру үшін бюджетте қаражат қарастырылмаған деп отыр.
Негізінде қазір бізде ең төменгі жалақы 85 мың теңге болса, министрлердің жалақысы 1,5 млн теңге. Айырмашылық жер мен көктей. Шындығында шенеуніктер мен халықтың тапқан табысының арасында біздің елдегідей үлкен айырмашылық болмауы керек. Осы уақытқа дейін біз агросекторды дамытып, экономиканы әртараптандырып, банк секторын, мұнай газ саласын бақылауда ұстағанымызда мұндай айырмашылық болмас еді. Сондықтан қазір ЕТЖ-ны 110 мың теңгеге көтерудің өзін проблема жасап отырғанымыз экономикалық даму туралы жоспарлардың ойдағыдай орындалмай жатқанынан.
Бейсенбек Зиябеков,
экономист